Басынан ғасыр аунатқан қос басылымға қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Бір әкенің егіз баласындай тел өскен «Жетісу» мен «Огни Алатау» газетТЕРінің бағындырған белесі, шыққан биігі көпке үлгі. Оның үстіне, бауырынан түлеген сөз саңлақтары да сайын даланың сайыпқыранына баланып жүргені және бар.
Иә, бір-біріне сынадай жымдаса біткен қос басылымға деген қошеметтің арасы ажыраған емес. Оған дәлел – жүзжылдық мерейтой қарсаңында ұйымдастырылған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының «Тәуелсіздік шырағданы» атты публицистикалық шығармалар байқауы.
Байқаудың мақсаты – ғасыр төрінен орын алған қос басылымның тәуелсіздік жариялағаннан бергі елдік тұрғыдағы асқан асулары мен рухты істерін паш ету. Бір айға созылған бәйгеге 50-ге жуық журналист қатысқан. Арасында елге танымал тұлғалар да бар.
Шараның беташарын басқарма басшысы Айдар Башбаев ашты.
– Бұл тек қана газеттің емес, жалпы қазақ халқының мерейтойы. Ел мен жердің қамын күйттеп жүрген сіздердің ерліктеріңіз бен еңбектеріңіз орасан. Ұлттың қуанышын жалпақ жұртқа жариялап, мерейін тасытатын да сіздерсіздер. Көңілге кірбің ұялаған сәтте қамқорлық танытып, демеу беретін де сіздерсіздер. Ақжолтай жаңалықты алдымен бөлісетін де осы құтты шаңырақ. Сондықтан бүгінгі шараны сіздерге көрсеткен біздің құрметіміз деп біліңіздер, – деді Айдар Қарбозұлы.
Одан кейін сөз алған «Өлке тынысы» ЖШС директоры Мейрам Жанәділов бақ сынаған талапкерлердің қарым-қабілетіне тоқталып, жоғары бағалады. Ал «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов пен «Жетісу» газетінің бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді.
Шара соңында байқаудың қорытындысы жарияланды. Қазылар алқасының төрағасы, ақын Әли Ысқабай байқаудың бас жүлдесін республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі Қалмахамбет Мұқаметқалиға табыстады. Ал бірінші орынды «Огни Алатау» газетінің журналисі Жанар Мықтыбаева иеленді. Тиісінше, екінші орынды «Жетісу» газетінің бөлім редакторы Қуаныш Тұнғатар қанжығалады. Үшінші орынға «Огни Алатау» газетінің журналисі Жәмила Атибаева тұрақтады.
Жеңімпаздарға Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар үлестірілді.
М. КҮМІСБЕК



