Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы Ұстаздар күнімен барша мұғалімдерді құттықтады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысы ұстаздардың кәсіби мерекесі елімізде ерекше аталып өтілетінін айтып, мұғалімдерге зор құрмет көрсетілетінін жеткізді.
– Міржақып Дулатұлы «Халыққа ең пайдалы адам – мұғалім» деген. Мұғалім – әр азамат үшін өте қадірлі тұлға. Басқаша айтқанда, мұғалім әр балаға өмір жолын көрсетеді. Ұстаз – тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі. Кез келген қоғамның өркениеттілігі ұстазға деген қатынасымен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болады. Әр мұғалімнің еңбегі ерен, еліміздің дамуына қосқан үлесі зор. Сондықтан білім беру саласында еңбек етіп жүрген барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, озық ойлы ұлт қалыптастыру үшін ең алдымен білім мен ғылымның дамуына баса мән берілуі тиіс. Соңғы бес жылда бұл салада ауқымды жұмыстар атқарылған.
– Білім саласына бөлінетін қаржы үш есе артты. 1200 жаңа мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба аясында заман талабына сай 150 білім ошағы салынды. Сондай-ақ 67 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Балалардың сапалы білім алуына қажет барлық жағдай жасалуда. Бұл деректі халық білуі керек, себебі мемлекет жас ұрпақтың біліміне және ұстаздардың жағдайына баса назар аударып отыр. Біз педагогтердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шараларды қолға алдық. Арнайы заң қабылданды. Бүгінде ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті, – деді Мемлекет басшысы.





