Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусинді қабылдады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кездесу барысында Президентке компанияның қызметі, соңғы екі жылда жүзеге асырылған негізгі инфрақұрылымдық және технологиялық жобалардың қорытындылары жөнінде баяндалды. Бүгінде «Қазақтелеком» 1,75 миллионнан астам үй шаруашылығына қызмет көрсетеді. Компания ел аумағында талшық-оптикалық байланыс желісін жүйелі түрде кеңейтіп, телекоммуникация нарығының негізгі сегменттерінде көшбасшылық орнын сақтап отыр.
Елді мекендерді байланыспен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. 2027 жылдың соңына дейін халқы 1 миллионнан асатын 3 мыңнан астам ауылды сапалы байланыс қызметімен қамтамасыз ету жоспарланған.
Президентке «Каспий ТОБЖ» халықаралық жобасының жүзеге асырылу барысы туралы да ақпарат берілді. Жоба аясында Ақтау – Сумгаит бағыты бойынша суасты талшық-оптикалық байланыс желісі тартылмақ. Бұл бастама Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, Еуропа мен Азия арасындағы цифрлық дәлізді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кездесуде деректерді өңдеу инфрақұрылымын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Екібастұз қаласында «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» стратегиялық жобасы аясында қуаты кезең-кезеңімен ұлғайтылатын заманауи орталық салынып жатыр. Жоба халықаралық технологиялық компанияларды тартуға және елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.
Бағдат Мусиннің айтуынша, жасанды интеллект технологияларын енгізуге басымдық берілуде. Корпоративтік процестерді автоматтандыруға арналған ЖИ агенттерін әзірлеу, киберқауіпсіздік шешімдерін жетілдіру және мемлекеттік секторды цифрландыру бойынша бірқатар жоба іске асырылып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев шағын қалалар мен ауылдарды сапалы байланыспен және интернетпен қамтудың маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту саласындағы инвестициялық жобаларды уақтылы жүзеге асыруды тапсырды.





