Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға сапары аясында Қазақстан мен Жапония арасындағы көлік-логистика және энергетика салаларындағы стратегиялық әріптестікті нығайтудың маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысы Орталық Азияның географиялық тұрғыдан Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын негізгі сауда жолдарының тоғысқан нүктесінде орналасқанын айтып, бұл бағыт Жапония үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізді.
Президенттің мәлімдеуінше, Азия мен Еуропа арасындағы құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайыздан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Осы орайда Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту айрықша маңызға ие.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония Үкіметінің Каспий теңізіндегі Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысу туралы шешімін оң бағалады.
Жапония Үкіметінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге ниет білдіруін құптаймыз. Алдағы уақытта жапон компаниялары Орта дәліздің теміржол, порт, автокөлік және логистика инфрақұрылымын дамытуға үлес қосса, бұл барлық тарап үшін тиімді болмақ, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент энергетика саласындағы ынтымақтастыққа да ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан «таза» энергетиканы дамыту мәселесін ұзақ мерзімді стратегиялық басымдық ретінде қарастырады.
Қазақстан дәстүрлі қуат көзін игеру және өңдеу жобаларына жапон тәжірибесін, инновациясы мен инвестициясын тартуға мүдделі. Геосаяси тұрақсыздық пен энергия ресурстарына сұраныстың артуы жағдайында көмірсутегі ресурстары әлем экономикасының орнықты дамуы үшін айрықша маңызға ие, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент теңгерімді әрі әділ энергетикалық жүйеге кезең-кезеңімен көшу қажеттігін қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан көмір өндірісі бойынша әлемдегі он жетекші елдің қатарына кіреді, ал көмір еліміздің энергетикалық балансының шамамен 70 пайызын құрайды.
Сондықтан осы табиғи байлығымызды тиімді әрі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз қуат көзі ретінде пайдалану үшін ең озық технологияларды тартуға бейілміз, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Жапония арасындағы өзара тиімді әріптестік көлік-логистика мен энергетика салаларында жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.





