Тоқаев сирек металдарды игеру саласындағы өңірлік интеграцияның маңызын атап өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының басқосуында сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласындағы бірлескен жұмыстың болашағына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, аймақта әлі толық зерттелмеген, бірақ көлемі мол минералдық ресурс қоры бар.
– Мемлекеттеріміз әзірге толық барланбаған, бірақ айтарлықтай мол ресурсқа ие. Аймаққа озық технология тарту және инновациялық шешімдерді енгізу ісінде күш біріктіру керек. Қазақстан Астанада Сирек металдарды зерттеу жөніндегі өңірлік орталығын құру бастамасын көтерген болатын. Бұл мекемеде кеніштер мен оны игеру технологиялары туралы өзекті ақпараттарды жинақтап, инвесторларға ұсына аламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент бұл орталықтың өңірлік экономиканы әртараптандыруға, жаңа технологиялық жобаларды іске асыруға және шетелдік инвесторлардың қызығушылығын арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Жасанды интеллект: жаңа мүмкіндіктер және ортақ стандарттар қажеттілігі
Қасым-Жомарт Тоқаев жиында жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолданудың өңірлік даму үшін ашатын жаңа мүмкіндіктеріне де тоқталды. Президент Қазақстанда ЖИ-ді енгізу жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын және бұл бағытта өзбек әріптестерімен бірлескен жобалар іске асырылып жатқанын атап өтті.
– Жасанды интеллект саласындағы серіктестікті одан әрі дамыту үшін аталған технологияны қолданудың бірыңғай стандарттарын әзірлеу керек. Орталық Азия мемлекеттерінде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану туралы декларацияның жобасын дайындауды ұсынамын. Құжат бірлескен цифрлық жобалар аясында мәлімет алмасқан кезде ашықтықты, сенім мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, барлық қатысушының құқығы қорғалатынына кепіл болады, – деді ол.
Президенттің пікірінше, бірыңғай стандарттар цифрлық қауіпсіздікті нығайтып, өңірдің технологиялық дамуына жаңа серпін береді.




