Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға жасаған ресми сапары аясында жалпы сомасы 3,7 миллиард доллардан асатын 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды. Бұл келісімдер Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық байланыстарды жандандырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, 2024 жылы екі ел арасындағы өзара сауда көлемі шамамен 2 миллиард долларға жеткен.
Қазіргі таңда Қазақстан Жапония нарығына уран, сирек кездесетін металдар мен мұнай жеткізеді. Ал Жапония Қазақстан экономикасындағы негізгі инвестор елдердің бірі саналады. Жапон тарапынан елімізге құйылған инвестиция көлемі 8,5 миллиард доллардан асты.
Президент Қазақстан мен ірі жапон корпорациялары арасындағы ұзақ жылдар бойы қалыптасқан табысты әріптестікке тоқталып, елімізде жұмыс істеп жатқан Жапонияның шағын және орта кәсіпорындарының қызметіне тұрақты қолдау көрсетілетінін айтты.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Жапония» форматындағы бизнес форумының маңызын ерекше атап өтті.
– Осы алаңда екіжақты байланыстарды одан әрі жандандырып, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған маңызды уағдаластықтарға қол жеткіземіз деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Жапонияға сапар аясында қол қойылған құжаттардың қатарында жалпы құны 3,7 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер де бар.





