Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) әлемдік деңгейдегі маңызды көлік-логистика хабына айналу әлеуетіне ие.
Президенттің айтуынша, бірлестікке мүше мемлекеттердің аумағы арқылы Батыс Қытай — Батыс Еуропа, Солтүстік — Оңтүстік, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағдары секілді негізгі транзиттік дәліздер өтеді.
– Қазақстан шетелдік серіктестермен бірге Ресей Федерациясында, Қытайда, Әзербайжанда және басқа да елдерде халықаралық мультимодальды логистика орталықтары мен терминалдар желісін, соның ішінде Румыния мен Мажарстанда дамытуға белсенді кірісті. Сауда-саттықты жандандырып, жүк тасымалы шығынын азайту үшін ұйымға мүше өзге мемлекеттерді де осы іске атсалысуға шақырамыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Каспий жағалауындағы теңіз инфрақұрылымы арқылы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері ашылатынын атап өтті.
Президенттің айтуынша, Каспий теңізіндегі негізгі порттарда орналасқан заманауи контейнер хабтары ұлғайып келе жатқан жүк тасымалына толыққанды қызмет көрсете алады. Осы ретте ол ұйымға мүше елдердің транзиттік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік беретін Кеме қатынасы туралы келісімнің күшіне енуін жеделдетуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қосылған құны жоғары, әлемдік нарықта сұранысқа ие өнім шығаруға бағытталған жаңа өндіріс орындарын дамытуға ерекше мән беру қажет екенін айтты.
– Еуразия даму банкі сарапшыларының есебіне сәйкес, ЕАЭО елдерінің өнеркәсіп тауарларын өндіру және экспорттау бойынша қосымша мүмкіндігі 67 млрд. долларға бағаланады. Егер осы әлеует толық пайдаланылса, түпкі нәтиже 500 млрд. долларға жетуі мүмкін. Ол үшін өнеркәсіптік кооперацияны күшейтіп, серпінді инновациялық жобаларға инвестиция салу қажет, – деді Мемлекет басшысы.





