Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген көлемді сұхбатында өзінің жеке тұлғалық қасиеттері мен жұмыс стилі туралы ашық айтты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
50 жылдық тәжірибе және қытайтану мектебі
Президенттің мемлекеттік қызметтегі жолы 1975 жылы басталған. Алғашқы мамандығы қытайтанушы екенін алға тартқан Мемлекет басшысы бұл кәсіптің оны айрықша табандылыққа баулығанын атап өтті. Иероглифтер әлемі мен күрделі шығыс дипломатиясы оның мінезіндегі мұқияттылықты қалыптастырған басты фактор болса керек.
Мәтінге деген талап: «Әріп қатесін суқаным сүймейді»
Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс стиліндегі ең басты ерекшелік – жазба мәтіндерге деген асқан жауапкершілік. Президент жолдаулары мен мақалаларын, тіпті қызметтік хаттарын да өзі тікелей қадағалап, стиль мен грамматиканың дұрыстығына ерекше мән береді. Бұл – тек кәсібилік қана емес, сонымен бірге ақпараттық мәдениет пен халыққа жететін сөздің сапасына деген құрмет.
Темірдей тәртіп пен мемлекетшілдік
Өз тұлғасын сипаттай келе, Президент саналы ғұмырының мемлекеттік қызметте өтуі оның дүниетанымын өзгерткенін жеткізді. Ол өзін қысқа ғана «мемлекетшіл адаммын» деп атады. Бұл ұғымның астарында жеке мүддеден гөрі мемлекеттің тұтастығы мен халықтың игілігін жоғары қою жатыр.
«Саналы ғұмырым темірдей тәртіпті, зор жауапкершілікті, жүйелі жұмыс істеуді талап ететін мемлекеттік қызметте өтіп келеді», – деді Мемлекет басшысы.
Бұл сұхбат Президенттің тек саяси тұлға ғана емес, сонымен қатар ісіне адал, әрбір детальға мән беретін интеллектуал екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жүйелілік пен тәртіп – кез келген табыстың негізі екені анық.





