Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Жапония» диалогының алғашқы саммитінде сөз сөйлеп, бұл кездесудің өңір үшін тарихи маңызға ие екенін атап өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысы саммитті ұйымдастыруға бастамашы болғаны және жоғары деңгейде қабылдау көрсеткені үшін Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичиге алғыс білдірді.
Президенттің айтуынша, даму деңгейі тұрғысынан бірегей мегаполис саналатын Токиода осындай ауқымды форумның өтуі Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі үшін маңызды оқиға.
«Орталық Азия – Жапония» диалогын құру бастамасын жапон тарапы, оның ішінде Жапонияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Ёрико Кавагучи көтерген болатын. Бұл бастаманың символдық мәні зор. Ал сыртқы істер министрлері деңгейіндегі алғашқы кездесу 2004 жылы Астанада өтті. Кейін бұл формат Орталық Азия елдері мен өзге де ірі мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық алаңдарын қалыптастыруға үлгі болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мұндай жоғары деңгейдегі саммиттер Орталық Азияның халықаралық аренадағы рөлінің күшейіп келе жатқанын және өңірдің жаһандық үдерістерге белсенді қатыса бастағанын айғақтайтынын айтты.
Сөз барысында Мемлекет басшысы қазақ халқының жапон мәдениеті мен дәстүріне деген құрметін ерекше атап өтті.
Қазақ жұрты жапон халқының тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетін әрдайым жоғары бағалайды. Күншығыс елінің келісімге негізделген, ұстамдылық пен даналықты ту еткен философиясы қазақ халқының дүниетанымымен үндеседі. VII ғасырда Сётоку ханзада үйлесімді ең биік құндылық ретінде атап, бірлік пен татулыққа үндеген болатын. Бүгінде Жапония «Рэйва» – «Керемет үйлесім» дәуірінде өмір сүріп келеді, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония мен Орталық Азия елдері арасындағы байланыстардың тарихи тамыры тереңде жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл қатынастар көне Ұлы Жібек жолы кезеңінен бастау алады.





