Бас прокуратура телефон арқылы алдайтын алаяқтардың жаңа схемасын түсіндіріп берді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Соңғы уақытта қаскөйлер азаматтардың сеніміне кіру үшін күрделі психологиялық әдістерді қолдана бастады. Astana TV дерегіне сүйенсек, алаяқтық әрекет бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен жәбірленушінің телефонына 1414 нөмірінен ресми SMS-код келеді. Осы сәтте алаяқтар хабарласып, өздерін банк қызметкері, мемлекеттік орган өкілі немесе курьер ретінде таныстырып, әлгі кодты айтуды сұрайды.
Қаскөйлер мұнымен тоқтамайды. Кодты алған соң, олар басқа нөмірден қайта хабарласып, бұл жолы өздерін ҰҚК немесе полиция қызметкерімін деп таныстырады. Олар: «Сіз жаңа алаяқтарға код айтып қойдыңыз, енді шотыңыздағы ақшаны сақтап қалу үшін оны «қауіпсіз шотқа» аудару керек», – деп қорқытады.
Естен шығармаңыз:
- Ешқандай «қауіпсіз шот» немесе «арнайы резервтік шот» табиғатта болмайды.
- Мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері ешқашан 1414-тен келген бір реттік кодты сұрамайды.
- Жеке карта деректерін, құпия сөздерді немесе парольдерді үшінші тұлғаға беруге тыйым салынады.
Цифрлық сауаттылық – бұл бүгінгі күннің басты талабы. Егер сізге белгісіз біреулер хабарласып, мемлекеттік қызметкер атын жамылса, бірден телефонды қоя салыңыз. Ақпараттың анық-қанығын білу үшін банктің ресми колл-орталығына немесе құқық қорғау органдарына өзіңіз хабарласыңыз.
Алаяқтардың құрығына түспеу үшін жақындарыңызға, әсіресе ересек кісілерге осы ақпаратты жеткізуіңізді сұраймыз. Сақтықта қорлық жоқ!





