Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Mitsui компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Тацуо Ясунагамен және Komatsu компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хироюки Огавамен кездесу өткізді.
Алдымен Президент Mitsui компаниясы басшылығына Қазақстандағы белсенді қызметі мен Жапониямен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін ризашылығын білдірді. Қазіргі таңда Mitsui халықаралық жеткізу тізбектерін қалыптастыру, инфрақұрылымды дамыту, энергетика және өнеркәсіп салаларын өрістету бағыттарында маңызды рөл атқарып келеді.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасының негізгі секторларында Mitsui компаниясының қызмет аясын кеңейтуге ниетті екенін жеткізді. Атап айтқанда, компанияның Астана қаласында күрделі жөндеу және құрал-жабдықтарды қайта қалпына келтіруге арналған өндірістік кешен салу жөніндегі жоспары мақұлданды. Сонымен қатар тараптар аса маңызды минералдар, көлік-логистика және табиғи апаттардың алдын алуға арналған технологияларды енгізу бағыттарындағы ынтымақтастыққа өзара қызығушылық танытты.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының Токиоға жоспарланған сапары аясында Mitsui компаниясымен бірқатар бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде меморандумға қол қою көзделіп отыр.
Осы күні Қасым-Жомарт Тоқаев Komatsu компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хироюки Огаваны да қабылдады. Кездесуде Мемлекет басшысы Komatsu компаниясын Қазақстанның тау-кен инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан сенімді әрі стратегиялық серіктес ретінде атап өтті.
Президент Komatsu компаниясының Астана қаласында техникаларды күрделі жөндеуге және қайта қалпына келтіруге арналған өндірістік кешен салу туралы шешімін құптады. Өз кезегінде Хироюки Огава Орталық Азияны әлеуеті жоғары, стратегиялық тұрғыдан маңызды нарық деп бағалап, жаңа кешеннің аймақтағы тау-кен компаниялары үшін техникаларды қысқа мерзімде әрі төмен шығынмен жөндейтін, жедел сервистік қызмет көрсететін ірі өңірлік хабқа айналатынын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның өндірісті локализациялауға, өнеркәсіптік ынтымақтастықты тереңдетуге және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін озық технологияларды тартуға мүдделі екенін айтты.
Кездесу барысында маман даярлау мәселесіне ерекше назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Komatsu компаниясының операторлар, механиктер мен инженерлерге арналған аймақтық оқыту орталығын ашу жөніндегі бастамасын қолдайтынын жеткізіп, бұл жобаның адами капиталды дамытуға және өндірістік серіктестікті нығайтуға зор үлес қосатынын атап өтті.
Айта кетейік, Komatsu – құрылыс, тау-кен, жол және индустриялық салаларға арналған техникалар өндіруге маманданған, әлемдегі ең ірі машина жасау корпорацияларының бірі.





