ЮНЕСКО Қазақстан Республикасының Жоғары білім беру саласындағы біліктіліктерді тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын (Токио конвенциясын) ратификациялау туралы шешімін құптайды. Бұл қадам еліміздің біліктіліктерді әділ тануды ілгерілетудегі және өңірлік академиялық ынтымақтастықты дамытудағы ұстанымын айқындайды.
Конвенцияны ратификациялау жоғары білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және біліктіліктерді танудың ашық әрі сенімді тетіктерін енгізу бағытындағы маңызды кезең болып саналады. Құжат жоғары білім беру жүйелері арасындағы өзара сенімді нығайтып, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл шешімнің стратегиялық маңызын атап өтті:
«Қазақстанның Токио конвенциясын ратификациялауы – жоғары білім беру жүйесін халықаралық кеңістікке толыққанды кіріктіру жолындағы нақты қадам. Бұл құжат дипломдар мен біліктіліктерді өзара тануды жеңілдетіп, қазақстандық түлектер үшін Азия-Тынық мұхиты өңірінде білім алу мен кәсіби қызметке жол ашады. Сонымен қатар шетелдік студенттерді тартуға мүмкіндік береді. Біз үшін бұл – елді Орталық Азиядағы білім беру хабы ретінде орнықтыру стратегиясының бір бөлігі», – деді министр.
2011 жылы қабылданып, 2018 жылы күшіне енген Токио конвенциясы біліктіліктерді танудың өңірлік жүйесін жаңғыртып, ашықтық, сапаны қамтамасыз ету және әділдік қағидаттарын бекітті. Құжатқа қатысушы мемлекеттер біліктіліктерді бағалауда оқу нәтижелерін негізгі өлшем ретінде қарастыруға міндеттеме алады.
ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесінің директоры Амир Пирич Қазақстанның бұл шешімін жоғары бағалады:
«Қазақстан – Токио конвенциясын ратификациялаған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Бұл елдің жоғары білім саласындағы халықаралық стандарттарға бейілдігін және біліктіліктерді инклюзивті әрі әділ тану қағидаттарын қолдайтынын көрсетеді. Бұл қадам өңірлік ынтымақтастықты нығайтып, Қазақстанның білім беру саласындағы халықаралық беделін арттырады», – деді Амир Пирич.
ЮНЕСКО алдағы уақытта да Қазақстанға Конвенцияны тиімді іске асыру бағытында қолдау көрсететінін мәлімдеді. Бұл жұмыс саяси диалогты, сараптамалық қолдауды және біліктіліктерді тану саласындағы ұлттық органдармен ынтымақтастықты қамтиды.
Қазақстан ратификациялық грамотаны ЮНЕСКО-ға тапсырғаннан кейін үш ай өткен соң Токио конвенциясының толыққанды қатысушысы болады. Конвенцияны іске асыру жоғары білім беру жүйесін одан әрі жетілдіруге және академиялық ұтқырлықты дамытуға ықпал етеді.





