Қазақстан аумағы ежелден мәдениеттер тоғысқан, өркениеттердің өзара ықпалдастығы қалыптасқан мекен болған. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде айтты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Президенттің айтуынша, қазақ жерінде түрлі діндер мен конфессиялар бейбіт өмір сүріп, бір-бірін байытты. Бүгінде де Қазақстанда этносаралық және дінаралық келісімді дамытуға ерекше мән беріліп отыр.
– Біздің елімізде этносаралық және дінаралық толеранттылық үлгісінің негізі – «алуандықтағы бірлік» қағидаты. Бұл тәсіл әлемдік деңгейде теңдесі жоқ институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметінде толық көрініс тапқан. Тарихи тұрғыда қалыптасқан төзімділік пен ынтымақ қазіргі Қазақстанның бейбітшіл, теңгерімді сыртқы саясатында жүзеге асуда. Бұл саясат сенімге, диалогқа және ынтымақтастыққа негізделген, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Съез аясында БҰҰ Өркениеттер альянсының діни нысандарды қорғауға арналған арнайы сессиясы өткенін атап өтті. Ол сондай-ақ Өркениеттер альянсының жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиносқа жаһандық гуманистік күн тәртібін ілгерілетудегі еңбегі үшін алғыс білдірді.
– Діни киелі орындар мен рәміздерді қорғау – адамзат өркениетінің негізін қорғау деген сөз. Қазақстанда 18 конфессияны біріктіретін шамамен төрт мыңға жуық діни бірлестік жұмыс істейді. Біз ЮНЕСКО тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, көне және заманауи мешіттерді, православ және католик шіркеулерін, Алматыдағы будда орталығын және «Бейт Рахель Хабад Любавич» синагогасын сақтап келеміз, – деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы діндар қауым үшін қасиетті саналатын орындарға қамқорлық жасалатынын атап өтті. Оның ішінде Маңғыстаудағы Бекет ата жерасты мешіті, Іле өзенінің жағасындағы Тамғалы-Тас будда петроглифтері, Алматыдағы раввин Леви-Ицхак Шнеерсон қабірі, Солтүстік Қазақстандағы католиктер үшін қасиетті Мариямкөл көлін ерекше атады.
– Киелі орындар түрлі дін өкілдерін біріктіріп, ұрпақтар арасындағы байланысты және рухани сабақтастықты сақтайды. Сондықтан олар біз үшін тек тарихи-мәдени ескерткіштер ғана емес, халқымыздың бейбітшілігінің, өзара құрметінің және мәдени әралуандығының символы болып табылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.





