Жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде Қазақстанда пайдалы қазбалар қоры айтарлықтай артты. Атап айтқанда, алтын қоры 98 тоннаға, мыс – 36 мың тоннаға, ал фосфорит 1,3 млн. тоннадан астам көлемде өскен.
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз мәслихатында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлімдеді.
Сонымен қатар алғаш рет мемлекеттік есепке 5 жаңа кен орны қойылды. Олар – Көк-Жон, Алтын-Шоко, Самомбет, Студенческий және Тақыр-Қалжыр.
Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аумақтың геологиялық-геофизикалық зерттелу ауқымы кеңейтіліп жатыр. Қазіргі таңда 2 млн шаршы шақырымнан астам аумақ зерттелген. 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 2,2 млн. шаршы шақырымға дейін жеткізілмек.
Сондай-ақ Қарағанды облысында сирек жер металдары бар перспективалы учаске анықталған.





