Президенттің Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай соңғы уақытта орын алған кадрлық өзгерістерге қатысты мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Оның айтуынша, бұл – әдеттегі кадрлық ротация. Негізгі мақсат – мемлекеттік басқару жүйесіндегі маңызды бағыттардың тиімділігін арттыру. Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында ұлттық экономикаға инвестиция тартуды басым міндеттердің бірі ретінде айқындаған болатын.
Бұл жауапты сала тәжірибелі дипломат Мұрат Нұртілеуге жүктелді. Президенттің көмекшісі ретінде ол халықаралық инвестициялық және сауда ынтымақтастығын дамыту үшін шетелдік жоғары деңгейдегі өкілдермен және әлемдік ірі компаниялардың жетекшілерімен байланыс орнатады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығымен Жаслан Мәдиев Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалды. Жаңа ведомство басшысы Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі стратегиялық міндеттерді жүзеге асырады. Президент оған осы бағыттағы жұмыстарға қатысты нақты тапсырмалар берді.
Премьер-Министрдің келісімімен Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрі қызметіне тағайындалды. Руслан Желдібайдың атап өтуінше, жаңа министр қоғамдағы белсенді қызметімен және білім беру саласындағы тәжірибесімен танымал.





