Жетісу облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында құрылыс материалдарын өндіруді дамыту, білім беру, денсаулық сақтау, энергетика және ТҮКШ саласында іске асырылуы тиіс жобалар пысықталды.
Сондай-ақ, Талдықорған қаласында жобаларды іске асыру кезінде отандық тауар өндірушілердің өнімін пайдалану, нысандар салу, құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алу, шағын және орта кәсіпкерлікке қатысты мораторийді алып тастау және мобильді аударымдар (ҚР Заңнамасына енгізілген өзгерістер), жалпыға бірдей декларациялау, бөлшек салық режимі, салмақ өлшеу аппараттары туралы мәселелерге ден қойылды. Осыған байланысты салаға жауапты лауазымды тұлғалардың баяндамалары тыңдалды.
Жиында облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Дәурен Оңалбаев бүгінде облыста құрылыс индустриясы бойынша 30-дан аса кәсіпорынның жұмыс істейтінін, құрылыс бұйымдарын өндіру өнеркәсіптің басым салаларының бірі екенін, өткен жылғы қорытындыға сәйкес сала кәсіпорындарының орташа жүктемесі 50-70%-ды құрағанын атап өтті. Сондай-ақ, бүгінде мемлекеттік сатып алу саласында кез келген нысанды салу, қайта жаңғырту, жөндеу барысында қажет тауардың бәрі құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде сатып алынатыны, осы сәтті ұтымды пайдалана білетін мердігерлер немесе делдалдардың тиісті жерге тауар жеткізетіндері, ал отандық тауар өндірушілердің сатып алуларға тікелей қатыса алмайтыны, бұл ретте мұндай сатып алулардың 60-70% -ын «тауарлар» құны құрайтыны, тиісінше, мемлекеттік органдар атынан тапсырыс берушілер нысанды жобалау кезінде жергілікті тауар өндірушілердің мүдделеріне басымдық беру керек екені сөз етілді.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов ойын жеткізді. Белгілі болғандай, биыл өткен жылдан ауыспалы түрлі саладағы 292 нысанды іске асыру жалғасады. Тұрғын үй құрылысы бөлігінде 331,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4 мың шаршы метрге артық. Осы мақсатқа бюджеттен 8,5 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бұған қоса, 178 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарлануда. Оның ішінде 104 жоба бойынша сараптамалық қорытынды алынады. Нәтижесінде биыл аймақта құрылыс жұмыстарының қарқыны артады. Осы жобаларды іске асыруда жергілікті тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі оң шешімін тауып, мәдени, спорттық, басқа да әлеуметтік нысандар бой көтермек. Сонымен бірге салық түсімдері мен өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттыру көзделуде. Алдағы уақытта күш-жігер отандық тауар өндірушілердің жобаларын іске асыруға жұмылдырылмақ.
Соңында күн тәртібінде қаралған барлық мәселенің назарда болатыны ескертіліп, сала қызметкерлеріне тапсырмалар жүктелді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов





