Талдықорған қаласында «Балалық шаққа инвестиция» атты мектепке дейінгі білім берудегі инвесторлардың І облыстық форумы өтті. Шараны Қазақстан мектепке дейінгі білім ұйымдары қауымдастығының филиалы, облыс әкімдігі мен облыстық кәсіпкерлер палатасы және іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырды. Оған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы, “Даму” қорының және жекеменшік балабақша өкілдері қатысты.
Шара екі сессиядан тұрды. Бірінші сессияға облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов модераторлық етті. Ал «Атамекен» ҰКП Әлеуметтік сала және әлеуметтік серіктестік комитетінің төрағасы Талғат Доскенов, Қазақстан мектепке дейінгі білім ұйымдары қауымдастығының президенті Лейла Күленова, облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар баяндама оқып, өңіріміздегі жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын дамытудың мүмкіндіктерін саралады. Сонымен қатар, басқару саласында тәжірибе алмасудың бағыттары анықталып, мектепке дейінгі білім беру саласындағы ең өзекті мәселелер көтерілді және алдағы даму бағыттары айтылды.
Өз кезегінде Талғат Доскенов жекеменшік білім беру мекемелерінің жоғары әлеуметтік жауапкершілікті арқалап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту механизмін дамытудың жолдарын ұсынды. Ал Лейла Күленова жекеменшік сектордың мемлекеттік білім беру жүйесінің баламасына айналғанына назар аударды. Өңіріміздегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны мен сапасына айрықша тоқталған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар:
– Тәуелсіздік жылдарында Алматы облысында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны 47-ден 1022-ге дейін өсті. Мектепалды білім берумен қамту 3,1%-дан 95,3%-ға дейін артты. Бүгінгі таңда 1022 мектепке дейінгі ұйымдардың ішінде 185-і мемлекеттік, 425-і жекеменшік және 412-сі мектеп жанындағы шағын орталықтар. Балабақшаларға барлығы 70 мыңнан астам бүлдіршін барады. Осылайша, облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың нәтижесінде жекеменшік балабақшалар үлесі 70%-ды құрады. Соңғы бір жылда Алматы облысының жеке инвесторлары мектепке дейінгі білім беру саласына 1,7 млрд. теңге қаржы құйды, – деп сөзін түйіндеді.
Әрине, өміріміздегі мұндай жетістік мемлекеттің тікелей қолдауы арқылы жүзеге асып отырғанын айта кеткен жөн. Естеріңізге сала кетсек, 2011 жылы Президенттің тапсырмасымен «Балапан» бағдарламасы қабылданды. Осыдан кейін бизнес өкілдері білім саласына бет бұрды. Жекеменшік балабақшаларға қолдау көрсетіліп, оларға мемлекеттік тапсырысты орындау үшін қаражат берілді. Сондай-ақ, балабақша ашу мен оның жұмысын жеңілдету үшін 2011 жылы мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау алынып тасталды. 2014 жылдан бастап жаңа санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қабылданды. Білім беру ұйымдары үшін кіріс салығы алынып тасталды. Бұл шаралар өңірдегі балабақшалардың көптеп ашылуына мұрындық болды. Енді балабақшалардың сапалық деңгейін көтеру керек. Жақсылық Мұқашұлы осы тұрғыдағы келеңсіздіктерге тоқталып, өз ойымен бөлісті.
Екінші сессия барысында облыстық прокуратура, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту өңірлік орталығы, «Даму» қорының өкілдері және балабақша меңгерушілері сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын айтты. Шара соңында көпжылдық еңбегі мен кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі қомақты бірқатар жекеменшік балабақша басшылары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Қажет АНДАС.




