Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел әлеуетін арттыруға негізделген ауқымды жоба-жоспарымен таныстырып, ондағы негізгі мәселелерге тиянақты тоқталып, түйткілдерді шешудің нақты жолын көрсетті. Биылғы Жолдаудың маңызы неде? Қазақстанның саясаты тұтастай реформаланды. Билік пен халық арасын жақындату үшін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асуда. Саяси жүйе жаңғырды. Әлі де сол саяси өзгеріс жүзеге аса бермек.
Ел президентінің бұл Жолдаудағы бастамалары оның бұған дейінгі сайлау алдындағы бағдарламасынан бастау алған реформаларды одан әрі дамытуға арналды. Мемлекет басшысы өз сөзінде азаматтардың тұрмысын жақсартуды көздейтін жүйелі экономикалық өзгерістерге баса назар аударды. Президент атап өткен барлық басымдық мемлекеттік саясатты дәл осы міндетті орындауға жұмылдырады. Әрине, халықтың тұрмыс-ахуалын да назардан шығармады. Қазір ел халқының денінде несие деген қамыт бар. Тіпті, кей азаматтар бірнеше несиені арқалап жүр. Бұл аса қауіпті қатер екенін президентіміз қадап айтты. «Қазір көптеген азаматтың мойнында бірнеше несие бар екені жасырын емес. Бұл – өте өзекті мәселе, қоғамдық қатер десек те болады. Сондықтан осы бағытта арнайы заңдар қабылданды. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынды», – деді мемлекет басшысы.
Шыны керек, халықтың ахуалына несие мен қаржылық сауаттылық атаулы дүниелер әсер етуде. Заң үстемдігін орнату тұрғысында атқарылған жұмыстар ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Бірақ, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру да уақыт мінберіндегі мәселе. Қай кезде де қазақстандықтардың тұрмысы мен тынысына болысып жүрген «Amanat» партиясы биыл «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алды. Аталмыш бастама еліміздің 750 000 азаматы үшін қаржылық тәуелсіздік пен қарыздан құтылуды қамтамасыз етуді және елдегі қаржылық сауаттылық деңгейін 30%-ға арттыруды көздейді. Қазір нәтиже жаман емес. Дейтұрғанмен, 30 жыл бұрын қабылданған банктер туралы заңды қайта қарауды ұсынды. Бұл да өз кезегінде халықтың тұрмыс-ахуалын түзеуге септеседі.
Партия «Ауыл аманаты» бағдарламасының бастамашысы болды. Мемлекет басшысы Жолдауында осы бастаманың сәтті жүзеге асқанын сөз етті. Енді партияның Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы азаматтарға түрлі ауылшаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық жобасын басқа өңірлерге таратуды ұсынып отыр. «Amanat» партиясының маңызды бастамасы уақыт пен халық талабына сай жұмыс істеп жатқанын көрсетсе керек.
Жалпы, Жолдауда көптеген маңызды жаңалық сөз болды. Мәселен, Жолдаудағы оңтайлы бастамалардың бәрі Әділетті Қазақстан құруға ауқымды үлес қосады.
Арыстанғали Арын,
«Amanat» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы





