Туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі, қоғам қайраткері әрі спортшы Серік Сәпиев Әділетті Қазақстан құру бағытын және азаматтық институттарды нығайту бастамасын қолдайтынын білдірді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Елімізде Конституциялық реформа жобасы бойынша кең ауқымды қоғамдық талқылау жүріп жатыр. Бұл – Қазақстанның алдағы ондаған жылдағы мемлекеттік құрылымы мен даму бағытын айқындайтын маңызды әрі жауапты кезең.
«Қазақстан азаматы, қоғам қайраткері ретінде ұсынылып отырған бастамалардың маңызын терең түсінемін және мемлекеттілікті кезең-кезеңімен жаңғырту мен нығайту бағытын қолдаймын. Біз 2022 жылы Әділетті Қазақстан құру жолына түсіп, ауқымды өзгерістерді бастадық.
Бүгінде сол өзгерістердің заңды жалғасы – оларды тереңдету және дамыту мәселесі көтеріліп отыр. Бұл – күрт бетбұрыс емес, мемлекеттің тұрақтылығын арттыруға және қоғам сенімін күшейтуге бағытталған сараланған үдеріс.
Қарапайым тілмен айтқанда, реформалардың келесі кезеңі азаматтардың мүддесін білдіретін институттардың рөлін күшейтуге бағытталған. Спортшы ретінде жақсы білемін: шынайы күш – тәртіпте, командалық жұмыста және ережеге құрметте. Дәл осы қағидаттар қуатты мемлекеттің негізін қалайды.
Жеңіс бір күнде келмейді – ол табандылықты, дайындықты және бірлікті талап етеді. Бүгінгі мемлекеттік құрылыс та осындай ұстанымға сүйенеді. Президенттің жауапты әрі жасампаз патриотизмге ерекше мән беруі – аса маңызды. Бұл – сөз жүзіндегі емес, күнделікті адал еңбекте көрінетін ұстаным.
Мен үшін және еліміздің барлық чемпиондары үшін бұл нақты міндеттерді білдіреді: бұқаралық спортты дамыту, жас таланттарды қолдау, дене шынықтыру мен салауатты өмір салтының әрбір бала мен әрбір отбасы үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету.
Қоғамдық талқылаудың маңызына да ерекше тоқталғым келеді. Реформалар диалогсыз жүзеге аспайды. Әр азаматтың пікірі маңызды әрі ескерілуі тиіс. Сонда ғана ел мүддесіне қызмет ететін шешімдер қабылдай аламыз.
Ұсынылып отырған бастамалар мемлекеттілігіміз бен егемендігімізді нығайтып, келер ұрпаққа жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенемін. Бұл – тұрақты даму, сабақтастық және ұлттық бірлік жолы. Сенімге, еңбекке және өзара құрметке сүйене отырып, біз қуатты, әділетті әрі табысты Қазақстанды бірге құрып келеміз», – деді Серік Сәпиев.





