Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік. Облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдық мерейтойына орай Іле аудандық кітапханасында оқырмандармен кездесу өтті.
Шараға «Өлке тынысы» ЖШС директоры Мейрам Жанәділов пен «Жетісу» газетінің редакция меңгерушісі Қуаныш Тұнғатар, «Огни Алатау» газетінің меншікті тілшісі Рамазан Елешов, мектептердің ұстаздары, аудандық «Іле таңы» газеті, кітапхана, аурухана қызметкерлері қатысты.
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан», – деген сөз бар. Кездесу барысында алғашқы сөзді «Өлке тынысы» ЖШС директоры Мейрам Базарұлы алып, басылымның тарихынан сыр шертті. Ал Қуаныш Тұнғатар тарихы тереңде жатқан басылымның алғаш жарық көргеннен бастап талай ауыр кезеңді бастан кешкенін, Алаш арыстарының қолтаңбасы қалғанын, бүгінде даңғыл жайған дара жолда қаламы қарымды қанаттас әріптестері қызмет етіп жатқанын мақтанышпен жеткізді. Сондай-ақ, газетте қызмет еткен майталман журналистер жазан ізгі лебіз, тілек-естеліктер мерейтой қарсаңында шығатын кітапқа топтастырылып жатқаны айтылды.
Қазыналы қарттың жасына келген қос басылымды мерейтойымен құттықтап келген зейнеткер Галина Белькова жылы лебізін жеткізді. Кітапхана қызметкері Қуаныш Сейкенова кітапхана шаңырағында оқырмандардың сұранысындағы бірінші басылым екенін айтып, өңір мен аймақ жаңалықтарын қалт жібермей оқитынын ортаға салды. №7 мектеп мұғалімі Нұрсұлу Әпсеметова әсіресе газеттің сенбілік нөмірін асыға күтетінін, мұнда жарияланатын эссе, әңгіме, өлеңдер сияқты әдеби құнды шығармаларды оқып, өз әдістемелік жобасына пайдаланатынын айтты. Кездесу соңында ауданның үздік деп танылған бес оқырманы Алғыс хатпен марапатталып, бағалы сыйлықтар алды.
Мақпал МЫСА,
Іле ауданы




