Балғабек Қыдырбекұлы ауылының шаруалары да шөп дайындау жұмысына кірісіп кетті. Солардың бірі – «Айнұр» шаруа қожалығы. Ауданның бас агрономы Қайрат Тойшыбеков «Алматы – Бішкек» күрежолына жақын маңдағы шабындық алқабында еңбек етіп жатқан шөпшілерге жолығып, істің барысымен танысты.
Аталған шаруашылық басшысы Серік Шәріпов қожалықтың малына қажетті шөпті межелеген мөлшерде дайындау үшін қолда бар мүмкіндікті барынша жұмылдырған. Қазақбай Нұргелді, Оразбай Дәруішев сияқты дала еңбеккерлері күннің ыстығына қарамай еңбек етуде.
Осындағы 20 гектарлық жоңышқа алқабын оруға өздерімен қатар маусымдық жұмысшылар да тартылған. «МТЗ-80» маркалы тракторға тіркелген шалғы агрегаты шетелде шығарылған сапалы бұйым екен. Жүзі күнге шағылыса жарқыраған дискілі түрінің өткірлігінде сөз жоқ. Орылған шөп бөкестеліп, тайланып-буылып, жүк көлігімен сақтау орнына жөнелтілуде. Мұндағы бір тайланған шөптің салмағы шамамен 20 келі тартады десек, бір гектардан 300 түк шөп шығып жатыр, яғни, 6 тоннадан айналуда.
– Көктемде жаңбыр көп жауғанымен, түннің салқын болуы шөптің тез көтерілуіне қолайлы болмады. Дегенмен, ой мен қырда шалғыға ілінетін шөп бар. Қожалықтың малына бір қысқа 360 тонна шөп қажет. Пісіп-жетілген шөпті дер кезінде орып, жинап алмаса, сапасы төмендейді. Сондықтан шабыс уақытын жіберіп алмауға тырысамыз. Бұдан бөлек 50 гектарға жуық алқапқа қара бидай, 60 гектарға арпа сепкенбіз. Бізде үш механизатор, екі сауыншы, төрт малшы жұмыс істейді, – дейді Серік Жұмаханұлы.
Жалпы аудан бойынша алдағы қысқа 185 500 тонна шөп қажет болса, бүгінде соның тең жартысы жинап алынды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ





