Бүгін «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының мүшесі Айбол Қасенов, Шамиль Ванкеев Талдықорған қаласындағы №28 ІТ мектеп ұстаздарымен кездесіп, еліміздегі саяси үдерістің мәнін түсіндірді.
Кездесу барысында сөз алған коалицияның өкілі Шамиль Ванкеев ұлттың болашағын қалыптастырып отырған ұстаздар қауымына Жаңа Конституция жобасы ең алдымен білім мен ғылымға арқа сүйейтінін сөз етті. Бұл құжат – еліміздің ертеңін айқындайтын, жастарымыздың сапалы білім алуына кепіл болатын стратегиялық шешім екенін жеткізді.
– Біздің басты құндылығымыз – адам. Оның құқықтары мен бостандықтары Конституциялық деңгейде нақты әрі айқын қорғалады. Әсіресе білім алу құқығы – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі ретінде бекітіледі. Бұл – ұстаздар мәртебесін арттыруға, білім беру сапасын көтеруге, инфрақұрылымды дамытуға нақты құқықтық негіз, – деп атап өтті ол.
Жиын соңында спикерлер білім ошағының қызметкерлері тарапынан қойылған әлеуметтік, құқықтық және экономикалық бағыттағы сауалдарға жан-жақты жауап берді.
«Жетісу-Ақпарат»






