Алакөл ауданында «Жұмыспен қамту – 2020: Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде көптеген ілкімді істер атқарылуда. Мәліметтерге сүйенсек, аталған бағдарламаға биыл 57 жоба кіріп отыр. Олардың жалпы құны 4 млрд. 492 млн. теңгенің төңірегінде. Жоспар бойынша 603 адамды жұмыспен қамту көзделген болатын. Алайда сұраныстың өсуіне байланысты 56 жобамен 612 адам қамтылды. Тағы да бір жоба бойынша жұмыстар атқарылуда. Бұл азаматтардың орташа жалақысы 87 мың теңгені құрайды.
Игілігі халыққа молынан тиіп жатқан бағдарламаның арқасында аудандағы 32 әлеуметтік нысан, 15 көше, 3 тұрғын үй-коммуналдық және көгалдандыру, абаттандыру нысандары бойынша 7 жоба жүзеге асуда. Нақтыласақ, Қайнар орта мектебін, 26 білім ордасының ішкі дәретханасын ағымдағы жөндеу, Ақши ауылында көл жағалауына санитарлық-гигиеналық желілер орнату мен спорт алаңын салу, Үшарал қаласындағы «Сымбат» стадионын ретке келтіру жұмыстары қолға алынды. Үшарал шаһарындағы Қазақстан, Жеңіс және Стебляков көшелерін, Ақши ауылындағы 11, 12-учаскелерді, Еңбекшідегі Байбала, Жайпақтағы Б. Момышұлы, Көктұмадағы Қасабай батыр, Қарабұлақтағы Қараш балуан, Бескөлдегі Қайыров, Екпіндідегі Касалямов, Қарлығаштағы Тәуелсіздік, Жанамадағы М. Мәметова, Сапақтағы Абай, Теректідегі Д. Қонаев, Көлбайдағы М. Мәметова көшелері де жөндеуден өтті. Сондай-ақ, Қабанбай және Ж. Балапанов ауылдарындағы ауызсу жүйесінің құрылысы және Ақшидегі кәріз жүйелерін жөндеу, Бескөлдегі көпқабатты үйлердің аумағына жаяу жүргіншілер жолын салу, жарық бағаналарын орнату, саябақ пен аталған ғимараттарды абаттандыру, Үшаралдағы Жеңіс және К. Қасымжанов көшелерінің бойындағы саябақ пен спорт және балаларға арналған ойын алаңын ретке келтіру сынды істер де назардан тыс қалмады.
Ең ірі жобалар ретінде Үшбұлақ ауылындағы Мәдениет үйі мен мектептің күрделі жөндеуден өтуін айтуға болады. Білім ордасында атқарылған күрделі жұмыстарға барлығы 601 млн. 890 мың теңге жұмсалып, 170 адам жұмыспен қамтылды. Олардың 86-сы осы бағдарлама негізінде қызметке орналасқан болатын.
Ал мәдениет ошағының жөндеу жұмыстарына 350 млн. 620 мың теңге қарастырылып, 180 адам тартылды.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ





