«Jetisý media» ақпарат алаңында «Азаматтық әуе кемесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбында өткен брифингте «Жетісу» әуе компаниясы» АҚ өндірістік қызмет жөніндегі вице-президентінің міндетін атқарушы Ерлан ЕРҒОЖАЕВ бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстарды айтып берді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта «Жетісу» авиакомпаниясы күн сайын Талдықорған – Үшарал – Талдықорған бағыты бойынша тұрақты субсидияланған рейстерді ұшырып келеді. Авиакомпания 2018 жылдан бастап сыйымдылығы 19 жолаушыға дейін L410 Чех өндірісінің екі ұшағын пайдалануда. Ұшақтар 2019 жылы 995 сағат, 2020 жылы 935 сағат, 2021 жылы 2708 сағат ұшқан. Осы жылдар аясында жолаушылардан ешқандай шағым түскен жоқ.
Әуе кемесінің техникалық жай-күйін инженерлік авиациялық қызмет бақылайтындықтан ұшақтардағы күнделікті жұмыс уақытылы әрі сапалы орындалуына баса назар аударылады. Ұшу және авиациялық қауіпсіздікті бақылауды авиакомпания президенті, өндіріс жөніндегі вице-президент, авиациялық қауіпсіздік қызметінің басшысы, ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инспектор бірлесе орындайды және қатаң бақылап отырады.
– Компанияның авиапаркі техникалық жарамды күйде жасақталған. Әуе кемелерінің қосалқы бөлшектері толық. Ұшу және авиациялық қауіпсіздік бойынша әр тоқсан сайын талдау, есеп жасалады және Нұр-Сұлтан қаласындағы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымға жіберіледі. Авиаэскадриляның экипажы ұшу жаттығуының арнайы дайындығынан өткен. Тренажерлік дайындық уақытында жүргізілуде. Әрбір ұшу алдында нормативтерге сәйкес әуе кемесін, жолаушыларды, багажды және почтаны тексеру жүргізіледі. Сондай-ақ әуежайда қауіпсіздік бөлімшесінің инспекторлары өткізу және объектішілік режимді, багажды қорғауды және әуе кемелерін күзетуді сақтайды, – дейді спикер.
Осындай жан-жақтылы дайындықтың нәтижесінде бірде-бір рет ұшақтардың зақымдануы және жолаушылардың өміріне қауіп төндірген жағдай орын алмаған. Алдағы уақытта да қауіпсіз ұшу қамтамасыз етіле бермек.
Омар АҚЫН





