Бүлдіршіннің мектепке дайындығы отбасында бастау алып, балабақшада жалғасын табады. Осы тұста баланың бойындағы қабілет-қарымын ашып, әр нәрсені танып білуге, білім алуға деген қызығушылығын арттыратын тұлға кім? Эмоционалды, белсенді болашақ оқушы моделін кім құрайды? Әрине, педагог. Ол үшін балабақша тәрбиешісінің біліктілігі зор болуы тиіс.
Жаңартылған білім беру жүйесінің әдіс-тәсілдерімен таныстырып, педагогтарға оны іс-тәжірибеде қалай қолдану жолдарын үйретуде Талдықорған қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығының мамандары тынбай еңбек етуде. Тәрбиеші ретінде қашықтан білім беру бойынша осы орталықтан мектепке дейінгі ұйым педагогтарының біліктілігін арттыру курсынан өттім. Курс барысында білім беру, даму психологиялары, педагогика саласындағы заманауи білімге негізделген мектеп жасына дейінгі ересек жастағы балаларды тәрбиелеу, оқыту мен дамытудың негізгі әдіс-тәсілдерін меңгердік. Қазіргі білім беру үдерісіндегі 4К моделін, яғни, креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті және командада жұмыс істеу дағдыларын дамытудың теориялық аспектілерімен таныстық.
Балабақшадағы тәрбие мен оқытудың мазмұнына қойылатын талаптардың бірлігі мен мектепке дейінгі және бастауыш білім беру деңгейлері арасындағы жүйелілік, сабақтастық және үздіксіздік қағидаттарын, пәндік-кеңістікті дамытушы ортаны ұйымдастыру тәсілдерін үйрендік. Тренерім Алмагүл Жақанқызы Балшенованың берген маңызды, құнды дәрістерін өз іс-тәжірибемде қолданып, бала бойындағы оңтайлы өзгерістің куәсі болғым келеді. Шеберлік орталығының барлық маманына курс тыңдаушыларының атынан алғыс айтып, еңбектеріне табыс тілейміз.
Б. Рахманбергенова,
«Ұлан» балабақшасының тәрбиешісі
Жамбыл ауданы




