Өмірде басқаларға үлгі еткің келіп тұратын азаматтар болады. Мінезі кесек, тұлғасы нар, істеген ісі зор. Ол басқаларды жақсылығымен жарылқап, шапағатына бөлеп жүреді. Осындай жақсы ағалардың бірі – есімі елімізге кеңінен танымал, қазақ халқының біртуар перзенті Әбубәкір Тыныбаев еді.
Әбекеңді ірі тұлға ретінде танытатын қасиеттері жетерлік. Табиғатынан қарапайым, елге сыйлы, өзінде бармен көзге ұрып, ерекше көрінуге тырыспаған, тура жолдан таймаған, адал да таза азамат. Соңынан артық сөз еріп көрмеген Әбекең – нағыз ұлтжанды азамат, елімізге белгілі танымал тұлға. Оның қызмет бабында өзіне де, өзгеге де талап қойғыштығы, ұйымдастырушылық қабілеті, қай кезде де адамдарды алалаудан ада парасаттылығы, пендешілік тірліктерден бойын аулақ ұстайтындығы ағамыздың өзгеге өнеге боларлық, елден ерекшелейтін қасиеттері еді.
Әбубәкір Тыныбаев өз ісінің білгір маманы, басшы ретінде еліміздің су шаруашылығында туындап жататын саналуан шаруаларды назарда ұстады. Ол өзіне сеніп тапсырылған міндетті абыроймен атқара білді. Стратегиялық сала ретінде барлық суландыру нысандары қатаң бақылауға алынды. Техникалық жұмыстар қайта ұйымдастырылып, мелиорация жұмыстары сапалық жағынан жаңа деңгейге көтерілді. Суды үнемдеу, тиімді пайдалану мәселесі сапалы жолға қойылды. Суды тиімді пайдаланудың нәтижесінде маусымында 140 млн. гектар жайылым мен шабындық суландырылып отырды.
Иә, су – тіршілік көзі. Онсыз өмір тоқтап қалады.
Еуразия кеңістігінің қақ ортасында, мұхиттардан шалғай орналасқандықтан біздің елімізде су тапшылығы, өміріміздің қай кезеңінде болмасын, халқымыздың тіршілігіне орасан зор ықпалын тигізіп келеді. Көшпелі өмір салтымыздың қалыптасуына, тіршіліктің басты көзі ретінде мал шаруашылығының тандап алынуына оның әсері зор болып отыр. Ұшқан құстың қанаты талатын ең алып өңірлерге Сарыарқа, Бетпақдала, Қарақұм, Қызылқұм, Мойынқұм секілді атаулардың берілуінің өзі осы проблеманың біздің халқымыздың тарихымен қабаттаса өріліп келе жатқандығын көрсетеді. Ал енді осы өлкені суландырып көр!
«Бір тамшы су – өмір» дейді екен. Бұл – шынайы шындық, айдай ақиқат. Кім судың зәрулігін көп тартса, ол судың қадір-қасиетін, қажеттілігін, құндылығын, өміршеңдігін терең түсінері сөзсіз. Сондықтан да халық: «Адамның сусыз күні жоқ, судың оны айтатын тілі жоқ», «Судың да сұрауы бар», «Өмірдің жер – денесі, су – қаны, еңбек – жаны», «Сулы жер – нулы жер», «Елдің ағасы болғанша, судың сағасы бол», «Сағадағы су ішеді, аяқтағы у ішеді», «Әкең мұрап болса да, судың сағасына орналас» дейді. Міне, қазақ халқы өзінің суға байланысты арманын да, мақсатын да, жауапкершілігін де, жанашырлығын да, тілегін де, үмітін де, сенімін де судың қыры мен сыры, құны, құпиясы арқылы өрнектейді. Иә, су дегеніміз – өмір, сусыз өмір жоқ. Олай болса, судың тамыршысы, әміршісі дегеніміз – өмірдің тамыршысы, әміршісі дегеніміз.
Қазақстанда суармалы егін шаруашылығын қалыптастыруда, жерді инженерлік жүйеге келтіруде ерекше еңбек еткен азаматтар болды. Солардың қажырлы, жанашырлық, жаңашылдық еңбегінің, табан еті, маңдай терінің арқасында Қазақстанның суармалы аймақтары нағыз байлық пен дәулеттің көзіне айналып, халқы өсіп-өркендеді, көктеп, көгерді. Олар елімізге белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері Мұстақым Ықсанов, Әбубәкір Тыныбаев, Сұлтан Сәрсенбаев, Эрик Гукасов, Шаймерден Бәкіров, Балтабай Сәрсенов, Нариман Қыпшақбаев, Виктор Гончаров, Сабыр Арыстанбаев, Елтай Құтыбаев, Әлімбет Жаппархановтар еді.
Осы аты аталған ардақты азаматтардың әрқайсының өзі жөнінде, өмірі жөнінде, өнегесі жөнінде, мамандығы, іскерлігі, ұйымдастырушылығы, азаматтығы, қажырлылығы, қайраткерлігі жөнінде кеңінен әңгіме қозғауға әбден болар еді. Бірақ оған бір мақаланың аясының тарлық етері сөзсіз. Сондықтан мен жоғарыда аты құрметпен аталған азаматтардың дүниеден озғандарының мәңгілік рухын, тірілерінің абыройы мен атағын, жасампаздық еңбектерін бетке ұстай отырып, кезінде Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткері, Мелиорация және су шаруашылығы министрі, Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Әбубәкір Тыныбаев жөнінде бір үзік сыр шертуді жөн көрдім.
Әбекең өз заманында судың тілін, сырын, қырын, қасіретін, қасиетін терең түсініп, судың іздеушісі, сұраушысы, қолдаушысы, иесі бола білді.
БҰҰ мақұлдаған сарапшылар болжамы 2030 жылға қарай таман тұщы суға деген жаһандық сұраныс ұсыныстан 40 пайызға артып түсетіндігін көрсетіп отыр. Бұл жағдайға климаттың өзгеруі, шағын қалалардың бой көтеруі, халық санының өсуі секілді бірқатар факторлар әсер етуде. Қазақстанда су тапшылығы проблемасы қашанда өткір күйде болып келді. Оны халықты ауызсумен қамтудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, игеруге триллион теңге қаражат бөлінуінен-ақ аңғаруға болады. Соның нәтижесінде әлемде асқына бастаған жоғарыдағыдай проблема әзірге біздің қабырғамызға дұрыстап бата қойған жоқ. Жерінің көбін шөлді және шөлейт аймақтар құрайтын Қазақстан үшін су мәселесі қашанда өзекті болып қала бермек.
Еңбек – әлемнің әміршісі болса, Әбекең судың тамыршысы болды. Бүгінде Әбекең тірі болғанда судың өміршең, өткір мәселелері жөнінде бізден де тереңірек, кеңірек айтар еді, жазар еді. Елімізде инженерлік гидротехникалық нысандардың көптеп салынуы да осы жылдардың еншісінде болды. Соның нәтижесінде республиканың мақта, күріш, қант қызылшасы түгелдей, көкөністің, жеміс-жидек, бау-бақшаның, картоптың, техникалық дақылдардың 80 пайызы осы суармалы жерлерге орналасқан. Осыншама байлықты еліміздің алтын қоры деп атайды.
Тағдыры суға, суармалы жерге таңылған біздің елге, қалалар мен аудандарға, тоқсанның үстіндегі шаруашылықтарға, 250-дің үстіндегі елді мекендерге қай заманда болсын жетпей жататын суды қылдай бөліп жеткізіп беру қиынның қиыны, қияметтің қияметі, екінің бірі, егіздің сыңары түгілі мыңның қолынан да келе бермейтін аса ауыр жұмыс.
Инженерлік жүйе – гидротехникалық нысандардың сапасына байланысты мәселе. Жасыратын несі бар, ол заманда қай салада болмасын апталық, айлық, тоқсандық, жылдық жоспар, социалистік міндеттеме дегендер болатын. Оны қайтсең де орындауың керек. Бұл сол заманның, сол қоғамның тәртібі. Біз одан жаман болған жоқпыз.
Кәсіби су маманы ретінде Әбекең ирригация бойынша да білгір маман, басшы бола білді. Өсімдіктерді қорғау, топырақтану ғылыми-зерттеу институттары ғалымдарын шақырып, Талдықорған облысының топырақ картасын жасатып, тың және тыңайтылмаған жерлерін анықтатып, соған орай шешім қабылдануына ықпал етті. Соның әсерімен облыс көлемінде қызылша дақылы алқаптарының көлемі ұлғайтылды. Талдықорған, Киров аудандары шаруашылықтарынан азайтылған жерлер тың жерлері, суы мол Алакөл, Ақсу, Андреев, Сарқан, Қаратал аудандары шаруашылықтарының есебінен толықтырылды.
Аса көрнекті тұлға, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев Әбубәкір Тыныбаевты Талдықорған облысына басшылық қызметке жібергенде оның аграрлық сектордағы іскерлігін ескерген болатын. Оның мелиорация және суландыру саласындағы мол тәжірибесі республикамыздағы ең сулы өлке – «Жер жаннаты – Жетісу» атанған Талдықорған облысында қызмет атқарған жылдары кеңінен пайдаланылды. Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған кездері Жетісу өлкесі атына лайықты бола түсті. Облыс шаруашылықтары өркендеп, айналасы жасыл желекпен көмкеріле түсті. Осы жылдары Талдықорған облысы республика бойынша барлық көрсеткіштерден алға шығып, Одақтың, Республиканың ауыспалы Қызыл туына ие болды. Облыстың көптеген еңбекшілері Социалистік Еңбек Ері атанды.
Облыс басшысы ретінде көкөністің қара күзден келесі жылдың шілде айына дейін жетуін қамтамасыз етті. Облыс орталығында қалалықтар үшін ауылшаруашылық жәрмеңкелерін тұрақты өткізуді дәстүрге айналдырды. Ол бастама күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.
Қалада сол жылдары жаңадан түрлі кәсіпорындар құрылып, тұрғын үйлер, емханалар және басқа да әртүрлі құрылыстар салынып, жаңа жұмыс орындары ашылғанын айтуға болады.
Бүгінгі күні адамдар арасында негізінен екі ұстаным қалыптасқан. Біріншісі, өзгенің жақсылығына өзінікіндей қуану, басқаның атқарған игі ісіне жақсы лебіз білдіру, оны қолдау. Біз осы тәрбиелі істе тым сараң болып барамыз. Өз ісіне немесе сөзіне қолдау естіген адам қанаттанып, жігерленеді емес пе? Екіншісі, бұл, әрине, сирек кездесетін, дегенмен, өмірде бар ұстаным. Ол – өзгенің өнегелі сөзін, ісін көре алмау, тіпті әдейі байқамау, көрмеген сыңай білдіру, ол жөнінде жұмған аузын ашпау. Бірдеңе айтқысы келсе, одан мін іздеу. Өзін ғана жақсы көру, менен артық пенде жоқ деп есептеп, жақсылық өзіме ғана болсын деу. Қатарласының жетістігіне қуанбау, күйіну. Бұл ұстанымнан, сөз жоқ, қоғам ұтылады. Ал ұстаным иесінің одан көгере қоюы екіталай. Түбінде онысынан зардап шекпей қоймас. Біз білетін Әбекең ондай қайраткер емес-тін. Оның Талдықорған облысында қызмет атқарған жылдары ұмытылмас кезең болып қалыптасты. Осы өлкеден жарасты дос, әріптестер таба білді.
Кемеңгер Абай «Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады. Ата-анасынан, ұстазынан, құрбысынан, әсіресе, солардың қайсысын жақсы көрсе, содан көбірек жұғады» деген болатын. Иә, данышпанның осы қағидасы адамзатты үлкен пайымға жетелейді. Демек, әрбір жан өзі құрметтеген адамның ақылын ұғып, содан сабақ алады.
Әбубәкір ағамыз – терең зерделі ақылгөй адам. Ол ежелгі заман тарихы мен әдебиетінен сыр шерткенде тереңнен қазып тебірене сөйлеп, телегей-теңіз білімнің қиясына қол сермейтін. Аңыз-әңгімелер туралы да өзінше сөйлеп, өзінше ақыл ұстайды. Жалған тамсанудан, жадағай таңданудан ойын аулаққа салған ол тыңдарманын биік талғамның заңғар шыңына қарай еріксіз ерте беретін. Оның мансабы барлардың жанында жалтақ, төмендегілердің алдында жарапазаншы болып та көрінген жері жоқ.
Әбекең оқығандарын көңіліне тоқуда зерек, әңгімешіл, онысын дәлелдеп жеткізуге шебер болатын. «Ақылды деп, арлы деп, ақпейіл деп, мақтамайды ешкімді бұл күнде көп», – дейді Абай. «Әділ билердің қолындағы билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді», – деп Ахмет Байтұрсынов қалай ғажап айтқан! «Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолушысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез, сынаушысы – халық» деген Саққұлақ шешеннің ойын зердесіне тоқып алғаны байқалатын.
Ол – ең бастысы, жалқаулық деген ескі сырқатты ысырып тастаған тұлға. Азаматқа жараспас үргедек ойлардан ада. Сондықтан болса керек, ол азаматтың жолын бөгеп, қолын қысқартып, қара басына сор боп жабысатын тоғыз жаудың бар екендігін ертеден-ақ біліп өскен. «Басты жауың – жалқаулық, сорлататын жаныңды» деп басталады сол өсиет! Осалдығың – аңқаулық, соқтыратын саныңды, жасқаншақ болсаң ұры алар қорадағы малыңды, жасықтық жалатқызбас – аузыңдағы балыңды, өтірік айтсаң – өңмеңдеп, жоғалтарсың арыңды, өсек терсең телмеңдеп, суға кетірер салыңды, көпірме босқа мақтан ғып, түкке тұрмас барыңды, көрінгенге жалтақтап, бола алмайсың жағымды, біреуді алдап-арбаумен аша алмайсың бағыңды», – дегенді айта отырып, дана халқымыз осы бір дұшпандық қасиеттерден өз ұрпағын әрдайым сақтандырып отырған. «Анаң үшін аянба – ант ұрады, балаң үшін аянба – бетің күйеді, елің үшін аянба – ерлігіңе сын, жерің үшін аянба – жігіттігіңе сын», – дегенді де оқып, жадында ұстап қалған. Әбекең осы даналықты өзінің бойына сіңіріп өскен қайраткер.
«Рахат іздесең, бейнетінен қорықпа, қуаныш іздесең қайғысынан қорықпа» деген дана қазақтың ұлағатты сөздері бағзыдан бері ел ішінде жазылмаған заңға айналып кеткен. Санаға берік орныққан мұндай тәмсіл сөздер аз емес.
Арманы биік асыл ердің арқа сүйер таянышы өз отбасы екендігі айтпаса да түсінікті. Құдай қосқан жары Қансұлу Ахметқызы жеңгеміз екеуі отбасылық өмірдің қызық пен қиындыққа толы ұзақ жолын қол ұстасып, бірге өткізді. Жақсы жар жаныңа сая, көңіліңе медеу, тіршілігіңе тіреу емес пе?! Аллаға шүкір, отбасына ордалы ырыс, әулетіне әдемі сый-сияпатшылықты сыйлаған берекесі мол тұрмыстың берері мол екен. Бүгінде әкеден көргенін, анадан үйренгенін балалары жалғастырып келеді. Қазақтың «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегені өмірдің өз қағидасы. Баланың ілкімді ісі қашанда әке мерейін өсіріп, шаттыққа бөлейтіні бар. Өз таланты мен білімінің арқасында еліміздің беделді тұлғасына айналып келе жатқан ұлы Нәбидің орны бір төбе.
Жалпы, Әбекең ел қызметінде ерен еңбегімен танылған тұлға. Ағамыздың бала-шағасы да тәрбиелі болып өсіп, әкелерінің атақ-даңқына қылау түсірген жоқ.
Саналы ғұмырда бірі аға, енді бірі іні-бауыр ретінде Әбубәкір Тыныбаев туралы ой тербетіп, қалам ұстағандар аз болмады. Солардың бірі халқымыздың аяулы перзенті, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтің кезінде Әбекеңе зор баға бергенін де білеміз. Ұлт жазушысы: «…Біздің іргелі ел болып, Көк байрағымыздың желбіреп отырғаны аға ұрпақтың жанқиярлық еңбегінің нәтижесі екенін ұмытпауымыз керек. Бір өкініштісі – Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаев сияқты халқына адал еңбек еткен азаматтар еліміз тәуелсіздігінің 10 жылдық торқалы тойын көре алмай кетті. Қазіргі ұрпақ үшін ағалар салған даңғыл жолды жалғастыру басты парыз болмақ» деген болатын. Міне, сабырлы мінезіне басып, қашан болсын сарқып сөйлейтін Әбіштің ағасына берген бағасы осыған саяды.
Бүкіл саналы ғұмырын туған еліне адал қызмет етуге арнаған, қай қызметті атқарса да айналасын үйіріп жүретін Әбубәкір Тыныбаев марапаттан да кенде емес. Жалпы, кім-кімнің де азаматтық бейнесін, қоғамдық орнын анықтайтын да, бағалайтын да халық. Осы орайда жерлесіміз, белгілі ақын Рүстем Жанайдың халықтың перзентіне айналған Әбекеңнің азаматтық келбетіне арнаған «Текті ұл!» атты өлеңін келтіре кетсем деймін. Ақын:
Көпті көрген, көппен өткен көп күні,
Қашан болсын тиген жұртқа септігі.
Тіп-тік қалпы жеңіп шыққан жетпісті,
Текті жердің,
Текті елдің
Текті ұлы!
Бекіредей өрге жүзіп жас та арман,
Ұлық ғұмыр Қазалыдан басталған.
Сырда туып, су патшасы секілді,
Өрлеп келіп,
Жетісуды басқарған.
Туғаннан соң о бастан-ақ ірі боп,
Жүгі де ауыр, жеңіл болған күні жоқ.
Алшаң басып
Астанада жүр қазір
Абыздайын ақсақалдың бірі боп.
Тура айтады,
Жоқ кімге де бұлтағы,
Әзілімен жүрегіңді жылытады.
Жайсаң батыр Жанқожаның туысы,
Жезтаңдайлы Жетес бидің ұрпағы.
Көпті көрген,
Көппен өткен көп күні,
Қашан болсын елге тиген септігі.
Екі дүниең абат болсын, Әбеке,
Текті жердің,
Текті елдің
Текті ұлы! –
деп толғаған еді.
Әбубәкір Әлиұлы 1986 жылы Одақтық дәрежедегі зейнетке шықты. Оның Үкімет пен халық алдындағы еңбегі жоғары бағаланып, Ленин, үш рет Еңбек Қызыл Ту және «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталды, «Қазақ ССР-інің Еңбек сіңірген гидротехнигі» құрметті атағы берілді. ІХ сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің, ІХ, Х шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, халық депутаттары, Талдықорған облыстық кеңесінің депутаты болып сайланды. КОКП және Қазақстан Компартиясының бірнеше съездеріне делегат, Орталық партия комитетінің мүшесі болып сайланды.
Иә, өмір өзен деген, міне, осы. Егер Әбубәкір Әлиұлы бүгінде көзі тірі болса, 90 жасқа толар еді.
Ескі қасиетті кітапта: «Халық мұқтажы үшін су көздерін, кен орындарын ашқан адамды қалай құрметтесе де лайықты» деп жазылыпты. Осы орайдағы сөз қасиетті Құранда да айтылады.
Шынында да аңқасы кепкен шөлейтті суландырып, жерұйық өлкені гүлдендіру – екінің бірінің пешенесіне жазылмаған ерлік! Ол осындай ерлік жасағанның өзін қарапайымдылыққа балады. Бүгінде Әбубәкір Тыныбаевтың қалдырған ізі Қазақстанның кез келген шалғай даласында сайрап жатыр.
Сейілбек Шаухаманов,
мемлекет және қоғам
қайраткері, Алматы және Қызылорда
облыстарының Құрметт