Өткен жылы аймақта қуаты 26 МВт «Қора СЭС-2» іске қосылды.
Еліміз экологиялық таза энергия көздеріне сүйене отырып, гидроэнергетиканы дамытуды күшейтуде. ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2030 жылға дейін елімізде жалпы қуаты шамамен 660 МВт болатын жаңа су электр стансыларын іске қосу жоспарланып отыр. Олардың басым бөлігі Жетісу облысында іске асырылмақ. Бүгінде республикада жалпы қуаты 313 МВт 43 СЭС жұмыс істейді.
Мәселен, өткен жылы облыста қуаты 26 МВт «ҚораСЭС-2» пайдалануға беріліп, жаңартылатын жобалар қоржыны толықты. Сондай-ақ, былтырдың қорытындысына сәйкес, ел бойынша жаңартылатын энергия көздерінен энергия өндіру көлемі 8,62 млрд. кВт/сағ. құрады, оның ішінде 1,2 млрд. кВт/сағ. шағын және орта СЭС қамтамасыз етті.
Инвестициялар тарту үшін энергетика министрлігі аукциондық тетікті белсенді қолдануда, тек өткен жылы ғана гидроэнергетикалық жобаларға арналған 500 МВт қуат сауда-саттыққа шығарылды. Жұмыс істеп тұрған және перспективалы СЭС-тер көбіне Жетісу, Алматы және Жамбыл облыстарында шоғырланғаны байқалады.
Мамандардың айтуынша, аймақта су энергетиканы дамыту қуат көзімен жабдықтауды нығайтуға, жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге және көміртегі зиянын азайтуға мүмкіндік береді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





