Тіл сарайында өткен Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында облыс әкімдігінің 2016 жылғы 21 қаңтардағы «Субсидиялар нормативтерін және көлемдерін бекіту туралы» №29 қаулысына өзгерістер енгізу туралы», «Тереңдете қайта өңдеп өнім шығаруы үшін сатып алынатын ауылшаруашылық өнімдерінің бірлігіне арналған субсидиялар нормативтерін бекіту туралы» және улы химикаттарды өндіру, оларды өткізу, тыңайтқыштар құнын субсидиялау жөніндегі жобасы жариялы түрде талқыға салынды.
Аталған жоба туралы толық ақпаратты облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Сексембай Бекішов өз баяндамасында айтып өтті. Басқарма басшысы бірінші кезекте биылдан бастап мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға арналған субсидиялардың қысқаратынын айтты. Бұл туралы ҚР Ауылшаруашылық министрі Асқар Мырзахметов облыстың ауылшаруашылық саласы мамандарымен болған есептік кездесуде мәлім еткен болатын.
Сексембай Бекішов өткен жылдың қорытындысы бойынша субсидияның 100 пайызға толық орындалғанын айтып, 2017 жылы мал басының көбеюінен шаруаларға бөлінетін қаражат көлемінің аздық ететінін жеткізді. Бірақ Сексембай Төлеубекұлы бұдан ауылшаруашылық саласының нәтижесі төмендемейтінін тілге тиек етіп, министрдің: «Босатылған қаражат инвестициялық субсидияларға, бизнес қауымдастықтарының ғылыми ұйымдар қызметіне арналған шығындарын субсидиялауға, ауылшаруашылығын қолдауға арналған кредиттер (лизинг) бойынша сыйақы мөлшерлемесін өтеу сияқты неғұрлым тиімді субсидия түрлеріне, сондай-ақ, фитосанитариялық және ветеринариялық қызметтерді күшейтуге бағытталатын болады», – деген сөзін алға тартты.
Ауылшаруашылық саласында еңбек еткендер жыл басынан бері облысқа өздерінің жұмыс жоспарлары мен қажетті субсидия көлемін алу жөніндегі барлық құжатын тапсырған. Тек Ақсу, Панфилов, Еңбекшіқазақ аудандары ғана көштің соңында жүр. Бұл аудандар жыл сайынғы жүйесіз жұмыстары үшін ескертпе естіп, нәтижесінде, ауылшаруашылық бөлімдерінің басшылары ауысқан. Осындай кемшіліктерін атап өткен басқарма басшысы «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында 2017 жылға құрылған жоспарымен бөлісті. Ал кеңес мүшелері жыл басында берілген өтінішке ақша бөлініп, одан кейін қаражаттың жетіспей жататынын алға тартты. Қойылған сұрақтарға жауап берген баяндамашы республикамен салыстырғанда ауылшаруашылық саласы жоғары көрсеткішке жетіп отырғанын айтты.
Жиынға қатысушылар қант қызылшасын егушілердің шығынға белшеден батып, әлі күнге дейін өздеріне тиесілі ақшасын ала алмай жүргені туралы мәселені ортаға салды. Расымен де, бұл оқиға еңбеккерлерді біраз шығынға батырды. Қаншама гектарға егілген тәтті түбір жер астында қалып қойды. Күндіз-түні Көксу қант зауытының алдында ұзын-сонар кезек болды. Енді олардың биылғы маусымға дайындықтары қандай деңгейде? Қаражаттары жете ме? Бұл сауалдарға жа-уап берген Сексенбай Бекішов зауытқа 241 мың тонна қант қызылшасы қабылданғанын айтты.
– Жоспар бұл көрсеткіштен де көп болар еді. Бірақ шаруа иелері жиырма күнге кешікті. Оларға біз ертерек өнімді жинау керектігін айттық. Біраз күн уақыт өткізгендіктен өнім далада қалып қойды. Енді келер жылы Ақсу қант зауытын іске қоссақ, мұндай олқылықтар орын алмайтын болады. Өздеріне тиесілі қаражатты да алады. Бұл мәселе біздің басты назарымызда. Облыстағы ауылшаруашылық саласының үлкен жетістіктерге жетуі жолында аянып қалмаймыз, – деді ол өз сөзінде.
Қоғамдық кеңес соңында облыс әкімдігінің «Алматы облысы атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшелеріне қызметтік куәлік беру қағидаларын бекіту және оның сипаттамасы туралы», облыстық мәслихаттың «Алматы облысының Құрмет грамотасымен наградтау туралы Ережені бекіту туралы» шешімінің жобасы қаралып, келесі басқосуға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
Еңлік КЕНЕБАЕВА




