Жыл аяқтауға таяған, барлық істің өнімін саралайтын тұста ғасыр жасаған облыстық «Jetisý» газеті де дәстүрлі әдеппен өңір-өңірдегі халықпен жолығып, өзінің шынайы оқырмандарымен табысуда. Кезекті сапардың реті Ақсу ауданына түсті.
Ауданға арнайы барған газет журналистерін аймақ әкімі Берік Тынышбайұлы жылы қабылдап, баспасөзге жазылу қарсаңында өз ойын білдірді.
– Газетке мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекемелер жазылуы керек. Ауданның облыстың, республиканың жағдайын біліп отыруы тиіс. Оның ішінде Президенттің жарлықтары, облыс әкімінің өкімдері шығып жатады. Көбі әлеуметтік желінің маңызы жайлы айтады. Онда сіз бен бізге керек ақпараттың бәрі толық қамтылмайды, – дейді ол.
Осылайша, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «халықтың құлағы һам тілі» деген газеттің маңыздылығына тоқталған әкім оның қарапайым мысалын да тілге тиек етті.
– Сіздер арқылы біздің істеп жатқан шаруаларымыздың бәрі танылады. Мәселен, ауылда шаруа қожалығы газетке шықса да иесі бір марқайып жүреді. Міне, бұл еңбектің бағаланғаны деген сөз. Біздің қарапайым еңбек адамдарына осындай шынайы да толымды ақпараттық қолдау керек, – деп түйді Берік Тынышбайұлы.
Қолдау демекші, бүгінде шаруасын түгендеп, шаруашылығын шалқытуға бет алған ауданда қант зауыты қайта іске қосылғаны әбмеге аян . Өз кезегінде биылғы тәтті түбір түсімі туралы тоқталған аудан басшысы келесі жылы қант қызылшасы алқабын 2000 гектарға дейін жеткізуді көздеп отырғанын жеткізді.
Фото: gov.kz





