Тіл – ұлттың айнасы. Шерхан Мұртаза: «Ұлттың жоғалуы да, сақталуы да тілмен байланысты» дейді. Бұл – ақиқат. Қазақтың тағдыры, иманға сенер ісі де, рухани күші де тілде.
«Тіл – ұлттың жүрегі, жаны. Жүрегі тоқтағанның тіршілігі бола ма. Ана тілі қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы. Онда дән де, мән де болуы керек» деп С. Торайғыров бекер жазып кетпесе керек. Біз ұлттық болмысты, тарихи мұраны сақтау үшін қасиетті тілдің қадірін арттыруға міндеттіміз.
Мемлекеттік тілде сауатты жазуды жарнамалық дүниелермен ғана шектемей, әрбір көрнекі жерлерде де назарға алуымыз керек. Сағабүйен ауылындағы «Ұлпан» асханасы мен «Гүлзат», «Айназ», «Самал», «Арай» дүкендері көз қызығарлықтай. Қатесіз бедерленген. Мемлекеттік тілімізді дәріптеп, көрнекілік арқылы насихаттауға үлес қосып жүрген осындай кәсіп иелерінің ісіне мақтанышпен қарап, басқаларға үлгі еткен де жөн. Өйткені, кейбір шаһар мен ауылдарда дүкен түгілі көшенің атауы да қате жазылып жатады. Бұл орайда сауатты жазып қана қоймай, қазақы нақышта көрнекіліктің көркемін маңдайшаға ілген «Т. Тоқтаров атындағы орта мектебі» КММ-нің «Балбөбек» шағын орталығын, «Іңкәр» дүкені мен асханасын атауға негіз бар.
Еліктеуден гөрі табандылыққа бет бұрып, тектілік атаулының кереметін басқаға дәлелдеуіміз әрі мойындатуымыз қажет. Бұл тұрғыда да М. Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» дегенін жастарға ұран етіп, тіл тазалығын сақтауға міндеттіміз. Ол үшін де жақсылықты айшықтап өтудің мәні бар деп ойлаймыз.
Раиса МҰРАТОВА,
Сағабүйен ауылдық кітапханасының кітапханашысы
Ақсу ауданы