Талдықорғанда пәтер ұрлығына қатысы бар ШҚО тұрғындары қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
5 қарашада қала полициясына жергілікті тұрғын пәтеріне бөгде адамдардың кіріп, бағалы әшекейлерін ұрлап кеткені жөнінде арыз берген. Тергеу мәліметінше, ұрылар баспананың құлпын кілт іріктеу арқылы ашқан. Келтірілген шығын көлемі екі миллион теңгеден асқан.
Арыз тіркелген соң полицейлер жедел тергеу амалдарын бастап, оқиға орны мұқият тексерілді. Заттай дәлелдер жиналып, сараптамалар тағайындалды.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде екі апта ішінде күдіктілердің кім екені анықталды. Шығыс Қазақстан облысынан келген екі азамат Талдықорған мен Алматы қалаларының аумағында қолға түсті. Тергеу барысында олардың жүріп-тұру бағыттары зерделеніп, өзге пәтер ұрлықтарына қатысы тексеріліп жатыр.





