Португалия футболында өзіндік орыны бар белгілі ойыншы Луиш Нани мансабын Қазақстан чемпионатында жалғастыруы мүмкін. Еуропа чемпионы (2016 жыл) «Ақтөбе» клубының ұсынысын қабыл алып, жақын арада команданың оқу-жаттығу жиынына қосылады,-деп хабарлайды 7-su.kz порталы.
Журналист Елдар Аманбаевтың айтуынша Нани «Ақтөбемен» 1 жылға келісім-шарт жасайды. Ал өзі Қазақстан премьер-лигасындағы ең жоғарғы жалақыны алады. Нани 22 қаңтарда Алматыға келіп, артынша Ақтөбеге ұшады.
Нани футбол жанкүйерлеріне «Манчестер Юнайтедтегі» ойыны арқылы жақсы таныс. Ол «қызыл сойқандар» («МЮ»-дың лақап аты) сапында 4 мәрте Англия премьер-лигасын, екі рет лига кубогын және УЕФА Чемпиондар лигасын, 4 рет Англия Суперкубогын жеңіп, кулбтар арасындағы әлем чемпионы болды.
Одан бөлек Нани «Спортинг» (Португалия), «Фенербахче» (Түркия), «Валенсия» (Испания), «Лацио» (Италия), «Орландо Сити» (АҚШ), «Венеция» (Италия), «Мельбурн Виктория» (Аустралия), «Адана Демирспор» (Түркия) және кейінгі командасы «Эштрела» (Португалия) (2024-2025 жылғы маусымда 10 ойында 1 гол салды) болды.





