Аз жазса да саз жазған классик Ғабит Мүсіреповтың тілімен айтқанда «Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнердің» өрісті болуы, қазақ киноиндустриясының дамуы үшін тірсіңді еңбек еткен, ғажайып қолтаңбасымен тауанды тарих бетінде есімін мөрлеген Қазақстанның Халық әртісі, тау тұлғалы Талғат Теменов жетпістің желкенін керіп, өмір—өзеннің тағы бір арналы белесіне көтерілді.
Тұғырлы тұлғаның мерейтойы Астана, Алматы қалаларында аталып өтсе, мерейлі жасқа арналған кештің жалғасын жетісулықтармен бірге қарсы алып, Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрында жаннат мекен көрерменімен қауышты.
Иә, Би апа атындағы драма театрда кино және театр режиссері, кинодраматург Талғат Теменовтің 70 жылдығына арналған кеш өтті. Рухани шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев алғашқы болып сөз алып Жетісудың төріне Қазақстанның Халық әртісі, драматург, режиссер Талғат Теменов Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрымен бірге келіп отырғанын, кеш кейіпкеріне Талдықорған театры бөтен емес екенін, алғашқы еңбек жолын бастаған құтты шаңырақ екенін айрықша атап өтті.
– Театр – бекзат өнер, театр – өмір айнасы, театр – тәрбиенің қайнар көзі. Сондықтан сахна арқылы ел тарихын, өмір шындығын, адамның жан әлемін барынша танып-біліп келеміз. Бұл ретте өнер мен мәдениет қайраткерлерінің қосып отырған үлесі зор. Солардың бірі – бүгін 70 жасқа толып отырған Талғат Теменов ағамыз.
Кино мен театрды құстың қанатындай тең көріп, қазақтың мәдениеті мен өнерін биікке көтерген, актерлық, режиссерлық, драматургия салаларын творчестволық тұтастықта ұстап, көптің құрметіне бөленген көрнекті өнер қайраткерін мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! – деген облыс басшысы Б. Өксікбайұлы өз кезегінде мерейтой иесінің иығына шапан жапты.
— Өнер жолындағы алғашқы қадамды осы театрдың қасиетті шаңырағында бастым. Көкжиегімнің көзтастаған алғашқы тұғыры да осы театр еді. Сондықтан мен үшін бір кездері Талдықорған облыстық драма театры аталған, бүгінде Бикен Римова апамыздың атындағы қара шаңырақ мен үшін биік, ыстық. Сіздер де мен үшін заңғарсыздар, — деп ағжарыла сөйлеген Талғат Теменов, жетісулықтарға алтын уақытын бөліп театрға келгені үшін алғысын білдірді.
Рухани шара барысында Талғат Досымғалиұлының өмір жолын, шығармашылық әлемін паш ететін бейнефильм көрсетілсе, өз кезегінде Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры «Қызыл орамалды шынарым» драмасын көрерменге паш етті.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





