Ұлттың жаны, рухани коды – тіл. Ал сол тілді үйрету, ұлттың болмысын ұрпақ санасына сіңіру жауапты міндет. Осы ретте облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен оқытушыларға арналған біліктілікті арттыру курсы өтті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын білім алаңы биыл да аймақтың әр түкпірінен жиналған педагогтердің басын қосып, тәжірибе алмасуға, кәсіби көкжиекті кеңейтуге мүмкіндік берді.
«Тілді оқыту үдерістерін жаңарту: оқыту нысандары, әдістері мен сапаны бағалау» тақырыбында оқытушыларға арналған біліктілікті арттыру курсында орталық басшысы Жеңіс Жолдыбаев сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастама жыл сайын жаңарып, мазмұны жағынан толығып келе жатқан білім беру бағдарламасына айналған. Қазақстан Президентінің білім мен адами капиталды дамытуға басымдық берген Жолдауын негізге ала отырып, педагогтердің біліктілігін арттыру – уақыт талабы екенін атап өтті.
Курс бағдарламасы мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін жетілдіруге, білім сапасын арттыруға және заманауи тәсілдерді енгізуге бағытталды. Бұл ретте қатысушыларға тек теориялық білім ғана емес, нақты тәжірибеге негізделген әдістемелік құралдар ұсынылды.
Оқытудың мазмұндық өзегін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдарының дәрістері құрады. Атап айтқанда, институт директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжан «Ұлттық тілдік-мәдени кодтарды үйрету – тіл оқыту әдістемесінің креативті өзегі» деген тақырыппен мазмұнды сабақ өткізіп, тіл мен мәдениетті сабақтастырудың заманауи тәсілдерін кеңінен таныстырды. Ол өз сөзінде институттың ғылыми жетістіктерін тек теориялық деңгейде қалдырмай, білім беру саласына енгізу – басты мақсаттың бірі екенін жеткізді.
Курстың екінші бөлімінде этнолингвистика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Элмира Өтебаева «Қазақ тілі ұлттық корпусы мәдени-репрезентативті ішкорпусының лингводидактикалық әлеуеті» деген тақырыпта дәріс оқып, ұлттық корпустың тіл үйретудегі мүмкіндіктерін тәжірибелік тұрғыда көрсетті. Бұл бағыт тыңдаушылар үшін ерекше қызығушылық тудырып, цифрлық ресурстарды тиімді пайдаланудың жаңа қырларын ашты.
Оқыту барысында қатысушылар тәжірибелік тапсырмалар орындап, топтық жұмыстарға белсенді қатысты. Пікір алмасу алаңдары ұйымдастырылып, әр педагог өз білгенін бөлісуге мүмкіндік алды. Мұндай формат білімді терең меңгеруге және оны тәжірибеде қолдануға жол ашады.
Курс соңында барлық тыңдаушыға сертификат табысталды. Қатысушылар мұндай шаралардың кәсіби дамуға серпін беріп, жаңа идеяларға жол ашатынын айтты.
Медет ЖҰМАБАЙ





