Бәрі күні кешегідей көз алдымда: ол кезде газет редакциясы орналасқан баспахана ғимаратының артында волейбол алаңы бар болатын. Жұмыс күні кешкі сағат алтыда аяқталуы тиіс болғанымен сағат тілі бесті көрсетісімен спорт киімдерін сықай киіп, сақадай сай отырған, Тұрсын Әбдуәлиев өзі бастаған бүкіл редакция ұжымы волейбол алаңына шығады. Ол кезде бөлімдер де көп, 2-3 бөлім бір команда, қалғандары бір команда жасақтайды. Сонан, әйда, ақ тер, көк тер болып сайыссын кеп! Кейде «шалдар» мен «жастар» командалары күш сынасады. «Шалдар» командасында тұрақты, айнымас капитаны Елжас Бейсембеков ағамыз, құрамында Елағамның бойы сияқты «сұңғақ», домаланған Қанат Асқаров досым, Тәкен Әліпбай, Нұрғали Омарқұлов пен Жанат Дүкенбаев ағаларым бар. Заводтағы жұмысымнан үйге келе сала бірдеңеден құр қалғандай редакцияға шауып жетіп, мен де солардың ішінде домалаңдап доп қуып жүремін. Одан қалса, әр жұма сайын редакция ұжымы арасында шахмат пен дойбыдан жарыс өтеді. Спорт қой, кейде дуылдасып, дауласып, таласып та жататын.
Қызыл компартияның диктаты кезінде, өз пәрменімен редакция жұмысын бір сағатқа қысқартып, ұжымға спортпен шұғылдандыру үрдісін ендіру үшін редакторға жүректілік керек екендігі түсінікті. «Жүректілік» демекші, сол кездегі облыстың бірінші хатшысы, жымысқы Жигулиннің, ұлты қазақ басшы, мамандарды кемсітіп, жікке – ұлтқа бөлуі, кадр саясатындағы сайқалдық қитұрқылықтары, тағы басқа қылмысқа бергісіз фактілерін республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде ғана емес, Москваға әйгілеп, дабыл қаққан Тәкен Әліпбай бастаған, Қанат Асқар, Кемал Құсайын сынды ұлтжанды ерлердің ісін қолдап, ақыл қосып, сол обкомның өз газеті – «Жерұйықта» жасқанбай жариялаған – бас редактор Тұрсын Әбдуәлиұлын батыр демей көр! «Не бел, не белбеу кетер» деген ұстаныммен, ұлт намысы үшін жандарын шүберекке түйіп айқасқан, ақыры жеңіске жетіп, түкірігі жерге түспей жүрген Жигулинді жалпасынан түсірген сол ерлердің ісін қалай дәріптесек те артықтығы жоқ-ау! Әттең, қазіргі таңда тіл, діл, ұлт намысы мен халықтың жоғын жоқтау жолында жандары шырылдап, өре түрегелетін басшылардың қалмай бара жатқаны өте өкінішті.
Дей тұрғанмен, «Жетісудың» бас редакторы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, танымал ақын Әміре Әріннің сол ағаларының үлгісімен жасаған батылдық ісін айтпай кеткенім әділетсіздік болар…
Түнеу жылдары, дәлірек айтсам 1994 жылы Үштөбе қаласына әйелім Егінбаева Биғайша Молдақұлқызы ел Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен Қаратал аудандық сотының судьясы лауазымына тағайындалуына байланысты отбасымызбен Үштөбе қаласына көшіп барған едік. Сол кездерде аудандық оқу бөлімін білімді де білікті ұлтшыл азамат, ақын, сазгер, қазақтың қасиетті қоңыр домбырасын қолына алып, майда қоңыр даусымен «әу» деп әуелете әнге де салып жіберетін өнерпаз ағамыз Төлеген Шәріпбаев (марқұм, иманы жолдас болғыр) басқарушы еді. Неден жаза басып, жазықты болғанын қайдам, әйтеуір, жемқорлық бабы бойынша емес екендігін анық білем, бір кездерде сол білім басшысын облыстағы «дәулер» қызметінен алды да тастады.
Міне, сол кезде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының атқарушы директоры қызметіндегі мен партия саяси Кеңесінің, Президиум мүшесі болып, бірге талай игі істер атқарып жүрген Төкең туралы «Жетісу» газетіне суретімен қоса көлемді мақала жаздым. Материал көп кешікпей жарық көрді. Сол арада облыс басшылығына бір жандайшаптың: «қызметінен қуылған Шәріпбаев туралы журналист Юсупов жағымды мақала жазыпты. Оны газет жариялапты, бұл не деген сұмдық!» деген “сигнал” түсіреді. Арада үш-төрт күн өткен соң, облыс әкімінің лездемесінде (планерка) облыс әкімі Шалбай Құлмаханов шатырлаған найзағай отындай жарқылдап, күндей күркіресін кеп.
– Юсупов деген кім ол? Оның «Жетісу» газетіне берген мақаласын жариялауға қол қойған кім?!
– Мен қол қойған! – деген қыран үніндей дауыс саңқ етіп, алдыңғы жақта отырған «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Әміре Әрін орнынан ұшып тұрады.
– Шәріпбаев әлдебір себептермен қызметінен алынған шығар. Бірақ оның ақын екендігі рас. Сазгер екендігі рас. Тілім, ділім деген ұлтжанды, Отанын сүйген ұстаз екендігі рас. Мен де сол ұстаздан тәрбие алған бір шәкіртімін. Ұзақ жылдар ауданның білімін өрге сүйреп, еңбек сіңірген атпал азаматтың атын атауға болмайтындай – ол халық жауы емес!
Батылдықпен, сенімді айтылған орынды жауапқа Құлмаханов та қарсы уәж айтпайды. Әміре бауырымыз әлгі жерде солқылдақтық танытып, бас сауғалап кетсе, мен де «халық жауы» ретінде артыма қоңырау байланып, қызметіммен қош айтысады екенмін.
Өткенге ой салып, қарап отырсам, тап осы «Жетісуды» білімді де білікті, байыпты да батыл, тұғырлары биік тұлғалар басқарған екен. Жайшылықта жайдары да сабырлы, ұлт, тіл, діл мәселесі туындай қалса, жасындай жарқылдап, күндей күркіреп шыға келетін батыл да жігерлі Жақыпжан Нұрғожаев газетті біліктілікпен басқарды. Ол сонымен қатар, облыс бойынша Журналистер одағының төрағасы қызметін қоғамдық негізде атқарды. Мәселен, мені Қазақстан Журналистер одағына мүше етіп қабылдап, куәлікті Жақаң өз қолымен тапсырған болатын. Осы деректерден бұл беделді басылымды батыл, тұғырлары биік тұлғалар басқарған және сондай бір тұлға қазіргі таңда басқарып отыр деп сеніммен айта аламын.
Басқа арнаға түсіп кеттім білем, бағанағы естелігімді әрі қарай жалғайын.
«Жерұйықты» Түкең басқарған тұста, тұрақты оқырмандар арасынан авторлар, штаттан тыс тілшілер тартып, оларды үйретіп, тәжірибе жинақтату ісі жақсы жолға қойылып еді. Бізді әр жыл сайын десем артық айтқандық болмас, 5-мамыр – сол кездегі «Баспасөз күні» мерекесіне орай, редакцияға шақырып, авторлар арасында семинар өткізу дәстүрге айналған-ды. Баспахананы аралатып, газет шығару процесімен таныстыратын. Мұқабасында «Жерұйық» деген жазуы бар қойын дәптер мен Грамота алған біз, әйда, мәз болып, өзімізді Үкіметтен орден алғандай сезінуші едік. Газеттің тұрақты авторы болғаныма 4-5 жыл өтіп, әбден сенімге енген тұста, Тұрсын Әбдуәлиұлының қолынан «Жерұйықтың» штаттан тыс тілшісі» деген куәлікті алғандағы қуанышымды көрсеңіз! Бізге куәлік тапсыру кезінде Тұрсын Әбдуәлиұлы куәлікті орынды, орынсыз жылтыңдатып, газет беделін түсірмеуімізді қатаң ескертіп қоятын.
Нақты қай жылы екендігі ойымда жоқ, тағы сондай «Баспасөз күні» мерекесі редакция кеңсесінің жанындағы саябақ ішіне орналасқан «Достық» кафесінде өтіп, белсенді автор ретінде мен де шақырылдым. Мерекені қаламы қарымды журналист, кейіннен ақындығымен ғана емес, қоғам қайраткері ретінде республикаға танымал болған, домбырасына қосылып әндерін төгілткен өнерпаз бауырымыз, «Жетісу» газетінің бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әміре Әрін жүргізген-ді. Оның орынды әзіл, зілсіз қалжыңына мәз болып, тамаша ән-күйдің думанына түсіп, ондай рухани бай да қызықты ортада болып көрмеген, құрылысшылардың қарапайым, қоңырқай ғана тірлігінде жүрген мен өзімді сондай бақытты сезініп, бір жасап қалған едім…
Сол тұстағы белсенді штаттан тыс тілшілердің бірі – Көксу ауданындағы Алғабас мектебінің мұғалімі, ұлтжанды азамат Нұртай Қыдыралыұлының ұстаздық ісіне басылымда шыңдалуы көп көмегін тигізді десем, әріптесім ол сөзімді жоққа шығара қоймас.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», – деп аталарымыз айтқандай,Түкеңнің газеттің бас редакторы ретіндегі басқарушылық кәсіби біліктілігін ғана емес, ұжымда сыйластық, өзара түсіністік, тәрбиешілдік пен жоғары моральдық- психологиялық және демократиялық ахуал қалыптастырудағы еңбегін өзім штатта болмасам да күнделікті қоян-қолтық араласып жүргендіктен көріп, біліп жүрдім және оның сол қасиеттерінен көп ғибрат алдым. Әрине, ондай қасиеттер тек білімді, рухани бай, жігерлі де жүрегі кең, адами тұрғыдағы тұғырлы тұлғаларда ғана болары хақ! Міне, сол үлгілі үрдістерді «Жетісудың» қазіргі бас редакторы, қоғам қайраткері Әміре Әрін жалғастыруда.
Қолына қалақ ұстаған қарапайым құрылысшыдан қаламгер атанып, атағым жер жармаса да өзімнің деңгейімдегі шығармашылық биігімді бағындырып (бірнеше кітаптарым жарық көрген), ең бастысы, ұлттық рухымды оятып, саяси көзқарасымды орнықтырған, ұлтжандылық қасиеттерімді шыңдап, «қазақ» атты ұлы ұлтты ұлықтап, қастерлеп өтуге тәрбиелеген «Жерұйық» газетіне мың алғыс!
Жетісу өлкесінің айнасы іспеттес «Жетісу» газеті бүгінде бүтіндей бір ғасыр – 100 жасқа толып отыр! 1985 жылдан бері өзім қоғамдық тілші ретінде атсалысқан бұл рухани бай-қуатты қару, тәуелсіз еліміздің Жетісу өлкесіндегі тәрбие мектебін біліктілікпен басқарған Ғайыс Егембердиев ағамыздан бастап, Тұрсын Әбдуәли қостап, жаны жайсаң Жақыпжан Нұрғожаев пен танымал ақын, қоғам қайраткері, қазіргі бас редактор Әміре Әрін сынды басшыларды тұғырлары биік тұлғалар деп әспеттесек, еш қателеспесіміз анық. Өзім сияқты талай авторларға жөн сілтеп, тәрбиелеген, саяси жағынан шыңдап, әдебиет айдынында жүзу дәрежесіне жеткізген желкенді «Жетісу» газетіне мәңгілік қарыздармын!
Ғабдул-Сәбит Юсупов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Қаратал ауданының Құрметті азаматы




