Мемлекет басшысы Astana Team балалар хоккей командасын Канадада өткен Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament халықаралық турниріндегі жеңісімен құттықтады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы қазақстандық клубтың сенсациялық жетістігі отандық спорттағы айтулы оқиға екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары шеберлік деңгейі мен жеңіске деген ынта-жігерін паш етіп, ақтық сында хоккейдің отаны саналатын канадалықтардан басым түскен өрендерімізге ризашылығын жеткізді.
Президент жас хоккейшілердің табанды түрде жаттығып, күш-жігерін шыңдап, бұдан да биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді», – деп жазды Айбек Смадияров.
Айта кетейік, Astana Team аталған беделді халықаралық турнирде жеңіске жетіп, Қазақстан хоккейі тарихында жаңа белеске көтерілді.





