Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Қызыл крест комитетінің президенті Мирьяна Споляричпен кездесті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кездесу барысында Президент бейтарап мандат негізінде әрекет ететін Халықаралық Қызыл крест комитетінің бірегей сипатына тоқталып, гуманитарлық көмекті саясиландыруға болмайтынын атап өтті.
– Халықаралық Қызыл крест комитеті дүние жүзіндегі гуманитарлық ынтымақтастық жүйесінде аса маңызды рөл атқарады. Халықаралық құқық нормаларын нығайтуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Сіз басқаратын ұйым мен басқа да халықаралық беделді құрылымдар баршаға ортақ адамзат құндылықтарын насихаттауға елеулі үлес қосып келеді. Әсіресе, бұл адамдар көмекке мұқтаж аймақтарда өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті күшейту жөніндегі жаһандық бастама көтерген алты мемлекеттің бірі. Осы ретте соғыс кезіндегі адамгершілік мәселелеріне арналған, жыл соңында Иорданияда өтетін жоғары деңгейдегі конференцияға дайындық барысы да талқыланды.
Өз кезегінде Мирьяна Сполярич Қазақстан тарапына Халықаралық Қызыл крест комитетінің қызметіне көрсеткен қолдауы үшін ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, 1990-жылдардан бері еліміз бен ұйым арасындағы сындарлы диалог тұрақты түрде дамып келеді.
– Мемлекеттердің қолдауы өте маңызды. Сіз мұны орынды атап өттіңіз. Женева конвенциясына барлық ел қатысады. Алайда бұл құжаттың ықпалы мемлекеттердің осы нормаларды қаншалықты қорғап, қолдауға әзір екеніне байланысты, – деді ХҚКК басшысы.
Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мирьяна Сполярич халықаралық және гуманитарлық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, Қазақстан мен ұйым арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.




