Астанада өтіп жатқан Digital Bridge форумының ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, оның маңызына тоқталды, – деп хабарлайды 7-su.kz.
Сөзінің басында Президент Венгрия басшысы Тамаш Шуйокқа форумға қатысқаны үшін алғыс білдірді.
– Бүгінде Digital Bridge – өте маңызды пікір алмасу алаңына айналды. Бұл жерде жаһандық өзгерістер мен цифрлық экономиканың болашағы туралы өзекті ойлар айтылып, маңызды бастамалар көтеріледі. Қазақстан Еуразиядағы негізгі цифрлық хаб ретінде алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмысты жалғастырады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа технологиялардың қоғамға ықпалына назар аударды.
– Жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Озық технологияның жоғары қарқынмен дамуы саясатқа, экономикаға және миллиардтаған адамның өміріне тікелей әсер етеді, – деп атап өтті Президент.
Айта кетейік, пленарлық отырысқа Қазақстан Президентімен бірге Венгрия Президенті Тамаш Шуйок қатысты. Форумның арнайы қонақтарының қатарында G42 International бас директоры Мансур Ибрагим Әл Мансури, Telegram негізін қалаушы Павел Дуров, Google зерттеу директоры Питер Норвиг, Sinovation Ventures, 01.AI басшысы Кай-Фу Ли, Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стребулаев, сондай-ақ Solana Foundation президенті Лили Лю бар.





