Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммитінде сөз сөйлеп, түркі елдері арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы ең алдымен ерекше қонақжайлық көрсеткені үшін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке ризашылығын білдіріп, жиынның күн тәртібі өзекті екенін айтты.
«Түбі бір түркі жұртының тарихы тамырлас, халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар деп үнемі айтып жүрміз. Мұның бәрі — берекелі бірлігіміз бен мәңгілік ынтымағымыздың алтын арқауы. Жақында елдеріміз «Түркі халықтарының ынтымақтастық күнін» атап өтті. Бұл — бірлігімізді бекемдей түсетін маңызды мереке. Бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымы достас халықтардың басын қосқан мәртебелі әрі беделді құрылымға айналды. Былтырдан бері ұйымға құрметті президент Садыр Жапаров бастаған Қырғызстан тиімді төрағалық етті. Қырғыз тарапына ризашылығымызды білдіреміз. Енді төрағалық құрмет Ильхам Гейдар оғлының басшылығымен Әзербайжанға беріледі. Алдағы уақытта да ұйымымыздың абырой-беделі арта түседі деп сенеміз», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық қауіпсіздік жүйесінің қазіргі ахуалына тоқталып, геосаяси шиеленістердің күшеюі әлем елдеріне бірдей әсер етіп отырғанын атап өтті.
«Осындай алмағайып заманда 30 жылдан аса уақыт шешімін таппаған шиеленіске қатысты Әзербайжан мен Арменияның Бейбітшілік декларациясына қол қойғанын ерекше атап өткім келеді. Бұл – тұрақтылық пен экономикалық өрлеуге жол ашатын тарихи мәміле болды. Қазір әлемдегі геосаяси ахуал аса күрделі, сондықтан түркі елдері ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруы қажет. Бүгінде жаһан жұрты бізді сын-қатерлерге төтеп бере алатын, беделі мықты, ынтымағы жарасқан мемлекеттер ретінде таниды. Бірқатар ел біздің ұйымға қызығушылық танытып отыр. Осы ретте Қазақстан ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматын қолдайды. Бұл бастама ұйымның халықаралық беделін арттыра түсетіні анық», – деді Мемлекет басшысы.
Саммит барысында Түркі мемлекеттері арасындағы экономикалық, мәдени және саяси ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері талқыланды.





