Мемлекет басшысы: «Елді цифрландыру – бұл мақсат емес, тек абсолютті артықшылыққа жету құралы. Заманауи жаһандық даму барлық салаға ақпараттық технологияларды енгізумен сипатталады. Біз цифрландыруды отандық агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға негізделген мәселелерді шешудің басты құралы ретінде қолдануымыз қажет», – деген болатын.
Цифрландыру – заман талабынан туындап отырған үрдіс. Қазіргі кезде цифрлық технологиясыз жетістікке жету мүмкін емес. Онсыз кәсіпорындардың жұмысы да өрге баспайды. Бүгінде уақыт сұранысына ие осындай игілікті істерді ауылшаруашылығы саласында пайдаланудың артықшылықтары мол. Мәселен, агроөнеркәсіптік кешенін цифрландыру бәсекеге қабілеттілік пен еңбек өнімділігін арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, салаға инвестиция тартуға ықпал етеді. Цифрлы жүйе – өндірілген өнімдерді электронды саудаға шығаруға да оң әсерін тигізеді. Сондықтан Қазақстанның жаңа әлем көшбасшыларының қатарынан табылуы үшін барлық салаға цифрлық технологияларды енгізудің пайдасы зор.
Осыған орай облыстың әр аймағында ауылшаруашылығы саласын өркендетуде озық технологиялар мен цифрландыру жүйесін қолданып, жұмысын өрістетіп отырған кәсіпорындар бар. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданындағы «Адал» АШӨК-тің сүт фермасында сүт сауатын тиімділігі жоғары және жетілдірілген озық технологиялық «Мilkline 24*24=48» қондырғылары орнатылған, ерекшелігі сол – сауар алдында желінге массаж жасалып, әр сиырдан сауылған сүт автоматты түрде есептеледі.
Алакөл ауданындағы «Арқарлы Майбүйрек» ЖШС 2014 жылы Австралиядан бес мыңнан аса тұқымы асыл «Ангус» және «Герефорд» ірі қарасын әкеліп, қазіргі таңда мал санын он бес мыңға өсірді. Заман талабына сай күн сәулесін пайдалану арқылы электрленген қоршау ішіндегі мал еркін жайылып, үнемі бақылауда тұрады.
Талғар ауданындағы «Алматы» АШӨК-тің сүт фермасында Германияның қазіргі заман талабына сай сүт сауатын қондырғылары орнатылған. Американдық «Baumatic» технологиясы қолданылып, бір күнде алты жүз сиыр сауылып, елу адамның күшін алмастырады. Әр сиырдан сауылған сүт автоматты түрде есептеліп, сауу көрсеткіштері компьютерге тіркеліп, арнайы құбыр арқылы таза күйінде сүт ыдысына жиналады.
Күйлеген сиырлар арнайы антенна арқылы компьютерге тіркеледі.
Осы аудандағы «Амиран» ЖШС-нің сегіз жүз басқа арналған сүт кешені Америка-Германия технологиясы бойынша Қазақстанда салынған алғашқы кешен болып табылады. Кешенде малды күтіп-бағу, азығын дайындау, зоотехникалық және малдәрігерлік қызмет көрсету жұмыстарын заманауи талапқа сай техникалар мен құрал-жабдықтар атқарады. Американдық «Baumatic» компаниясының «Параллель» сүт қондырғысы да орнатылып, сегіз жүз бас сиырды сауу ісін небары екі оператор атқарады.
Егіс алқаптары да американдық «Зиматик» жаңбырлатқыш жүйесімен тәулік бойы суарылады. Қондырғы алқаптың ылғалдылығына қарай суды қажетті мөлшерде шашады. Суару мониторингі смартфон арқылы қадағаланып отырады. Сол арқылы суды дер кезінде қосу, ажырату, жылдамдығын реттеу, су және электр қуаты шығынын онлайн режимде есептеу жұмыстары өз деңгейінде іске асырылады. Шаруашылықта пайдаланылып отырған американдық «Джондир» тракторларында көлік жүргізу, кері айналу және маневр жасау қызметтері толықтай автоматтандырылған, оларда орнатылған компьютерлік бағдарламалар атқарған жұмыс көлемін, өңделген жер мөлшерін, техника параметрлерін, жанар-жағармай шығынын, жұмыссыз тұрып қалу, геолокация мәселелерін автоматты түрде бақылауға алып, құжаттандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, техникада орнатылған бірегей вакумдық мөлшерлеу жүйесі арқылы тұқым себу, тыңайтқыштарды енгізу сияқты жұмыс үрдісі трактордың ішінде атқарылып, қай егістік алқапта жұмыс жүргізіліп жатқанын және сол алқаптағы өнім шығынын есептеуге мүмкіндік береді.
«Байсерке-Агро» ЖШС мен «Ла Фатториа» ЖШС-інде де дәл осындай тракторлар бар. Айта кетейік, «Джондир» тракторы бір күнде 50 гектар жерді өңдейтін отандық «МТЗ» маркалы он тракторды алмастыра алады. «Байсерке Агро» ЖШС-інің сүт фермасында Канададан әкелінген алты жүзден аса сүтті бағыттағы тұқымы асыл сиырлар швециялық «Деловаль» фирмасының сүт сауатын роботтық қондырғылары арқылы автоматты түрде сауылады. Инкубациялық жұмыртқа өндіретін «Асыл құс агро» ЖШС фабрикасында құстарды жем-су және минералды дәрумендермен қамтамасыз ету үрдісі компьютерленген құрылығы арқылы жүзеге асады. Мүйізді ірі қара малын «Электр қоршау» арқылы жайылымда бағу тәсілін «Алипов» шаруашылығы да пайдаланады. Бұл – мал жайылымын тиімді пайдаланып, көлемі аз жерден өзіндік құны төмен, сапасы жоғары мал азығын дайындауға мүмкіндік береді. Компьютерленген блок арқылы 50 гектар алқапта аталған қоршауды пайдалана отырып, жүз бас сиыр бағылуда.
«Грин Эко» ЖШС 1,3 гектар алқапқа өндірістік типтегі жаңа Дат технологиясымен гидропоникалық (топырақсыз ортада құнарлы сұйықтықтарды және тұрақты жарық қолдану арқылы тиімді өнім алу) компьютерлік жүйемен басқарылатын жылыжай кешенін құрды. Дат технологиясының бір артықшылығы қоршаған ортаға еш зиянын тигізбейді. Кешенде энергия үнемдейтін технологиялар орнатылған, оны пайдалану кезінде өнімді жыл он екі ай бойы артық шығынсыз өсіру мүмкіндігі туындайды. Құрылғыда алқапқа су мен минералды тыңайтқыштарды қажеттілігіне қарай беріп, ауа ылғалдылығын қамтамасыз етіп отыратын компьютерленген жүйе орнатылған. «Баймене» ЖШС-і де 38,5 гектар алқапта тамшылатып суару әдісін қолданады және Израиль мемлекетінің «Мастер Пласт» компаниясының технологиясымен жабдықталған. Бұл серіктестікте де жоғарыда айтылған құрылғы мен компьютер бойынша жұмыс жүргізіледі.
Алты мың тонналық жеміс және көкөніс сақтайтын қойма «Фреш Фруд Қазақстан» ЖШС-інде де бар. Ол да немістің ең жаңа «Платен Хард» технологиясымен жабдықталған. Ауа ылғалдылығы әр жеміс пен көкөніс түріне қарай ауа температурасын қалыпқа келтіріп отыратын компьютерленген жүйе арқылы басқарылады. Аталған құрылғы жеміс-жидек пен көкөністің дәмін тоғыз ай бойы өз қалпында сақтап, еш бұзылусыз тұтынушыға жетуіне ықпал етеді.
«Алатау агро Инвест» ЖШС, «Tengry Project Development» ЖШС, «Жеңіс и Партнеры» ЖШС, таңқурай мен алма бағын өсіріп, мол өнім алып отырған «Тулеметов» шаруа қожалығының өздеріне тиесілі алқаптарында су және минералды тыңайтқыштардың мөлшерін өз мерзіміне қарай реттеп отыратын компьютерлендірілген жүйе орнатылған және оларда Израиль технологиясы қолданылады. «Алсад Қазақстан» ЖШС-індегі Голландия мемлекетінен сатып алынған замануи автоматтандырлған қораптау және сұрыптау машинасы сағатына алпыс мың жұмыртқаны реттеп шығарады. Бұл құрылғы он бес адамның жұмыс күшін алмастыра алады.
Ал Жамбыл ауданындағы «Табыс» шаруа қожалығының алты жүз басқа арналған сүт кешенінде Украинадан жеткізілген сүтті бағыттағы тұқымы асыл сиырлар швециялық «Деловал» фирмасының сүт сауатын роботтық қондырғыларымен автоматты түрде сауылады.
Көксу ауданындағы «Каримов» ЖК сүт фермасында Германиядан әкелінген сүтті бағыттағы тұқымы асыл үш жүзден аса «Голштин» сиырлары да жоғарыда аталған фирманың қондырғылары арқылы сауылып, «Дельта 5.2» бағдарламасымен жұмыс істейді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА.




