2021 жылдан бастап Қазақстан азаматтары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салым мөлшері «жеткілікті шектен» асқан жағдайда оның бір бөлігін ала алады. Көпшіліктің зейнетақы қорынан алынатын қаражаты «Отбасы банк» АҚ есепшотына түсіп те үлгерді. Десе де, кейбірі ақшаны алу жолын білмей қиналып жүрген көрінеді. Содан оның тәртібі қандай?
ЖЕТКІЛІКТІ ШЕК
Ең алдымен «жеткілікті шек» деген түсініктің мағынасын түсініп алайық. Яғни, ол – салымшының қордағы есепшотында қалуы тиіс жинақ ақшасының ең төменгі мөлшері. Ол болашақта салымшыны жинақтаушы зейнетақы жүйесінен төленетін зейнетақымен қамсыздандыру үшін қажет. Сондықтан салымшының есепшотында белгілі бір мөлшерде қаражаттың болуы шарт. Одан асқан бөлігін алуына рұқсат етіледі. «Жеткілікті шек» салымшының жасына қарай белгіленеді.
Зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін алу тәртібі қандай, оны кімдер ала алады, ол үшін қандай шарт қойылады? Аталған сұрақтарға «Отбасы банк» АҚ Алматы облыстық филиалы мамандары жауап берді.
Мамандардың айтуынша, салымшы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақ есепшотындағы қаржысының шекті мөлшерден асқан бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге немесе жекеменшік қаржы компанияларының басқаруына беруге құқылы.
Мамандардың айтуынша, уәкілетті оператор ретінде 23 қаңтардан бастап біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануға өтініш тапсыра алатын арнайы онлайн платформасы іске қосылды. Біржолғы зейнетақы төлемдерін дербес я болмаса жұбайы, жақын туыстарынан алынған зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып, қолдануға болады. Егер БЖЗҚ салымшысы бұл төлемдерді өзі қолдануды жоспарламаса, онда ол оларды өзінің жақын туысына немесе зайыбына табыстай алады.
МАҚСАТЫН АНЫҚТАУ
Біржолғы зейнетақы төлемдерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еліміздің аумағында тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін төменде көрсетілген мақсаттарға пайдалануға жол беріледі. Бұл туралы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Отбасы банк» Алматы облыстық филиалының директоры Ғалымжан Шалғымбаев жеткізді.
Біріншіден, «Ислам банкінің» қаржыландыруы шеңберінде тұрғын үйді сатып алу, ислам банкінің тұрғын үй сатып алу жөніндегі мәмілені қаржыландыруы шеңберінде берешекті ішінара, толық өтеу. Яғни, сіз кез келген банктен немесе ипотекалық компаниядан алынған тұрғын үйдің қарызын, несиені жабуға қаражатыңызды жұмсай аласыз. Сондай-ақ, сіз Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша жеке тұрғын үй немесе жеке қосалқы шаруашылық салу үшін жер телімін алуды қоса алғандағы несиені төлей аласыз.
Екіншіден, ипотекасыз тұрғын үй алу немесе атыңыздағы несиелік ипотеканы толықтай жабу. Жеткілікті шектен асқан соманы пәтер, жеке үй, жатақханадан бөлме сатып ала алуға жұмсай аласыз. Одан бөлек, тұрғын үйді бастапқы немесе қайталама нарықта, сондай-ақ, салынып жатқан нысандардан сатып алуға болады. Осы мақсатта тұрғын үйді зейнетақы жинақтары есебінен де, зейнетақы мен жеке қаражат есебінен де сатып алуға болады.
– «Отбасы банкінде» Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй займын алу бар. Сіз пәтер, жеке үй, жатақханадан бөлме сатып ала аласыз. Тұрғын үйді бастапқы немесе қайталама нарықтан сатып алуға болады. Сондай-ақ, банктің бір несие шарты шеңберінде жөндеу жұмыстарын қоса есептегенде тұрғын үй сатып алуға немесе жеке тұрғын үй салуға болады (жеке тұрғын үй салу немесе жеке қосалқы шаруашылық салу мақсаттарымен жер учаскесін қоса алғанда). Ипотекалық несие алу үшін бастапқы жарна төлеу (оның ішінде ислам банкі қаржыландыру шеңберінде). Сіз пәтер, жеке үй, жатақханадан бөлме сатып ала аласыз. Тұрғын үйді бастапқы немесе қайталама нарықтан алуға болады. Сондай-ақ, банктің бір несие шарты аясында сіз жөндеу жұмыстарын қоса есептегенде тұрғын үй сатып ала аласыз, – деді Ғ. Шалғымбаев.
Өтініш берместен бұрын, қолданылу мерзімі аяқталмаған, қызмет алуға жарамды электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болу қажет екен. Зейнетақы жинақтарының қолжетімді көлемін ҚР БЖЗҚ порталынан нақтылауға болады. Ең алдымен оператордың интернет-ресурсында ЭЦҚ немесе басқа электронды құралдар арқылы авторизациядан өтесіз. Содан кейін барып өзіңіздің жеке кабинетіңізді ашып, арнайы шотқа өтініш береді екенсіз.
Барлығын орындап, шотты аштыңыз. Содан кейін арнайы шоттың нөмірін, пайдалану мақсатын, қолда бар соманы, жеке табыс салығын ұстау және аудару тәсілдерін көрсете отырып, біржолғы зейнетақы төлеміне электрондық өтініш толтырасыз. Аталмыш процедураларды орындаған соң «Отбасы банкі» өтініш берушінің біржолғы зейнетақы төлемін алу туралы өтінішін қарағаннан кейін 2 жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-мен жасалған келісімде белгіленген тәртіппен БЖЗҚ-ға тіркелген өтінімдер туралы ақпаратты электронды хабарлама түрінде жолдайды.
БЖЗҚ «Отбасы банкінен» электронды хабарлама алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын өтініш берушінің арнайы шотына аударады. Ақша арнайы шотқа түскеннен кейін өтініш беруші 45 жұмыс күні ішінде «Отбасы банкіне» біржолғы зейнетақы төлемдерінің мақсатты тағайындалуын растайтын құжаттарды тапсыруы тиіс. Егер сіз белгіленген мерзімде біржолғы зейнетақы төлемдерінің мақсатын растайтын құжатты өткізбесеңіз, бұл қаражат БЖЗҚ-ға қайта қайтарылады.
ҚАУІПСІЗДІК
Көпшіліктің көкейінде: «Басқа банкте несием бар еді. Егер зейнетақы қорынан ақшаны алсам, оны банк несиені жабуға ұстап қалмайды ма?» деген сынды сауал туындары анық. Әйтсе де, қаражат жіті қорғалатынын есте ұстаған жөн. Сондықтан, өтініш берушінің басқа қарыздық міндеттемелері бойынша өндіріп алу мүмкін емес.
«Отбасы банк», уәкілетті оператор ретінде, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы жинақтары аударылатын арнайы ағымдағы шоттарды ашу және жүргізу, сондай-ақ, зейнетақы жинақтарын арнайы ағымдағы шоттан арнайы мақсатқа аударуға қатысты агенттік қызметтер көрсеткені үшін комиссия алмайды.
Еңлік АРЫҚБАЙ




