Талғар ауданындағы мемлекеттік нысандар қатары жаңа ғимаратпен толықты. «Алматы облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің Талғар филиалы жаңа ғимаратқа қоныстанды.
Бүгінгі құжат – ертеңгі тарих. Жылдар бойы сақталатын құжаттар қоймасының талапқа сай болғаны орынды. Мемлекеттік маңызы зор ғимараттың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев, облыстық мемлекеттік архивінің бас директоры Гүлмира Құлмұханбетова, Талғар ауданының әкімі Рыскелді Сатбаев, аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебаев, аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Алғатбекұлы және өзге де аудандық архивтердің басшылары қатысты.
Өткен жылы облыс әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасымен Талғар ауданына арнайы ат басын бұрған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Мұқашұлы бастаған мемлекеттік мекеме басшылары ауданның бірқатар әлеуметтік нысандарын аралаған еді. Сол сапарда аудандық архив қызметкерлерінің жалдамалы ғимараттарда күнелтіп отырғандықтарын көріп, мамандардың мұңына құлақ түрген болатын. Міне, арада жыл өтпей жатып облыс әкімі Амандық Баталовтың баса назар аударуының арқасында 23 жылдық тарихы бар аудандық архивке жаңа ғимарат сатып алынып, өз алдына отау болып шыққан қуаныштары салтанатты түрде аталып өтті.
– Бүгін архив қызметкерлері үшін зор қуаныш. Архив ісі қай салада болмасын өте маңызды. Өйткені, архив дегеніміз – өткен күннің белгісі, тарихтың қайнар көзі. Болашақта қажет болатын деректердің негізгі ошағы. Сондықтан да архив ісіне бейжай қарауға болмайды, – деді салтанатты шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
Сонымен қатар, кейбір оқушыларға, колледж студенттеріне, кішігірім ғылыми еңбектермен айналысып жүрген жастарға да іздеген құжаттарын пайдалануға мүмкіндік беру қажеттігін тілге тиек етті.
– Бүгінгі күні бізде 30 мыңға жуық сақтау бірлігі, 107 қор бар. Ауданымызда 33 жинақтау көзіміз бар. Елбасының сарабдал саясатының арқасында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 4 жобамен жұмыс істеп келеміз. Архив деген – ата-баба мұрасы. Ұлттық құндылығымыз саналады. Өзімізде 2 жеке қорымыз бар. Оған алғашқы болып құжаттарын Райымбек, Талғар аудандарының Құрметті азаматы, «Алтын дәрігер» алқасының иегері Мұхтар Әлімұлы мен «Әжелер шуағы» ансамблінің жетекшісі Мариям Ордабайқызы тапсырды. Сондықтан аудан азаматтары келешекте осы жеке қорға құжаттарын тапсырар болса, ол өздерінің келешек ұрпақтарына қалдырған құнды құжаттары боп сақталады, – деген архив директоры Күлипа Отарбаева сөз соңында қамқорлық танытқан облыс басшысына зор алғысын білдірді.
Жаңа ғимараттың алқызыл лентасы қиылған соң дәстүрге сай шашу шашылып, ән-күйдің тиегі ағытылды. Екі қабаттан тұратын архив ғимаратын аралап, бөлімдер жұмысымен танысқан басқарма басшылары ішкі жай-күйіне көңіл толатындығын жеткізді.
Ұлбосын ИСАБЕК,
“Жетісу”
Талғар ауданы





