Сарыөзек ауылында ауласы қоршалған жаңа саябақ салынды. Шоқан Уәлиханов атындағы демалыс орны таяуда жергілікті тұрғындар үшін есігін ашып, қызмет көрсететін болады.
Бұл жердегі жұмыстармен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Медет Сопбеков таныстырды. Атшаптырым аумақты алып жатқан саябақтағы жұмыстардың басым бөлігі аяқталған. Байқағанымыздай, тұрғындардың алаңсыз демалуы үшін қажетті жағдайдың бәрі қарастырылған. Әдемі орындықтар қойылып, балалар ойнайтын алаң жасалған. Тіпті, жануарлардың мүсіндеріне дейін орнатылыпты. Ендігі кезекте абаттандырылып, ағаштар отырғызылып, гүлдің небір түрі егілетін болады. Жарық шамдар да бар.
Айта кетейік, жалпы ауданда абаттандыру, түнгі жарықтандыру, спорттық алаңдар орнату жұмысы ретімен жүріп жатыр. Мәселен, Шоқан Уәлихановтың ескерткіші, Сарыөзек ауылындағы ҰОС, Ауған соғысы ардагерлері саябағы абаттандырылған. Арқарлы, Қоянкөз, Жайнақ батыр, Аралтөбе (Шұбар), Талдыбұлақ, Алтынемел, Басши, Ақтөбе, Қаспан ауылдарында шағын футбол алаңдары мен балалардың спорт алаңшалары, сондай-ақ, Шұбар ауылында балалардың ойын алаңы мен Малайсарыда шағын футбол алаңы пайдалануға берілген.
Қарашоқы, Шанханай, Нұрым, Қайнарлы ауылдарында «Воркаут» спорт алаңы (турник) орнатылған. Сарыөзек ауылынан үш шақырым жердегі қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны қоршалып, Сарыөзек ауылының көшелеріне бейнебақылау камералары, бұған қоса, Шұбар, Сарыбастау, Қаспан, Басши, Қарағаш ауылдарына түнгі шамдар орнатылуда. Алдағы уақытта түнгі жарықтандыру жұмыстары Арқарлы, Қызылжар, Қоянкөз, Шаған, Жаңалық, Жоламан, Малайсары, Бостан, Талдыбұлақ, Алтын- емел елді мекендерінде жүргізілетін болады.
А. ЫБЫРАЙ





