«Nur Otan» партиясы Панфилов аудандық филиалы кеңсесінің жиынжайында «Менің Тұңғыш Президентім» атты әдебисазды кеш өтті. Бұл басқосуға партия белсенділері шақырылып, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев қатысты.
Кешті аудандық кітапхана қызметкерлері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне арналған көркем сөз, қанатты жырмен бастап, кітапханашы Мәдина Сқақова «Елбасы – ел тірегі» деген тақырыпта баяндама жасады. Баяндамада еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолы мен қызметі жайлы жан-жақты айтылды.
Жиында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев партияластарын мерекемен құттықтап, облыс әкімі Амандық Баталовтың жаркенттіктерге арнаған мерекелік сәлемін жеткізді. Сонымен бірге, Жанболат Әкебайұлы Елбасының Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық, саяси тұрғыда қалыптасуы мен елімізде және әлемдік деңгейде ұлтаралық татулықты сақтауға сіңірген салиқалы саясатын жіліктеп жеткізді.
Жиында жаркенттік партия белсенділері «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының Алғыс хаттарымен марапатталып, бір топ жастарға партбилет салтанатты жағдайда тапсырылды. Басқосуды аудан өнерпаздары әнмен, жырмен әрледі.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы





