Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің ұйымдастыруымен «Жалпыға бірдей декларациялаудың III кезеңі: нені білу маңызды?» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.
Жиында Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапар Шайкенов 2021 жылдан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларациялаудың енгізілгенін айтты. Жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі мақсаты – әділ салық салуды қамтамасыз ету мен әлеуметтік саланы жетілдіру, жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру және сыбайлас жемқорлықпен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.
Сапар Сатайұлы 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың III кезеңі бойынша облыстағы жұмыстардың барысымен таныстырды.
– Үшінші кезеңде 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады. Жетісу облысы бойынша 75 000 тұлға жалпыға бірдей декларациялаудың III кезеңін тапсырады деп жоспарлануда. Ал ағымдағы жылдың басынан бері Жетісу өңірінде 250.00 және 270.00 нысандары бойынша декларанттардың жалпы саны 194 403 адамды құрады. Оның ішінде 125 164 адам декларация тапсырды», – деді департамент басшысының орынбасары.
Гүлнұр БАЙМҰХАН,
студент





