Қасиетті қазақ елін төрткүл дүниеге танытудың тағы бір тарихи сәті туды, ағайын! Ол – алты Алашты әлемге әйгілейтін XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарының салтанатты ашылуы. Осы күнге жылдан есен, айдан аман жеткен Жетісу жұртшылығының қуанышында шек жоқ. Өйткені, қысқы Универсиаданың асқаралы Алатаудың баурайындағы әсем Алматы қаласы мен Талғар ауданының төңірегінде өтетіні жетісулықтар үшін зор мәртебе.
Әлемнің әр түкпірінен келген саңлақ спортшылар бақ сынасатын байрақты бәсекенің басталуына санаулы күндер қалғанда Елордамыз Астана қаласында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 2017 жылғы қысқы Универсиаданың Алауы тұтанғаны белгілі. Бұл шара республиканың барлық аймақтарында салтанатты түрде жалғасын тапты. Табиғаты талайдың таңдайын қақтырар жер жаннаты Жетісу жерінде өтетін қысқы Универсиаданың Алау эстафетасы сенбі күні облыс орталығы Талдықорған қаласында салтанатты түрде тұтанса, жексенбіде әсем қала Алматыда әр аймақтан келген Алаулардың басы біріктіріліп, 28-қысқы Универсиаданың шалқыған Алауына айналды.
Қазақ ұлттық университетінен бастау алған Алау эстафетасын алып жүру рәсіміне Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бастап, еліміздің атақты спортшылары Дмитрий Баландин, Сәбина Алтынбекова, Ольга Шишигина, Нұртас Адамбай, Қарлығаш Мұхаметжановалармен бірге қоғам қайраткері, белгілі спорт журналисі, жетісулық жерлесіміз Несіп Жүнісбаевтың қатысқандығын атау ләзім. Алматының бірнеше көшесімен өткен Алау эстафетасы Алатау ауданындағы «Алматы-Арена» мұз айдынына жеткізілді.
FISU-дің мәліметтері бойынша, XХVІІІ Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарына әлемнің 80 еліндегі 1 млрд.-тан астам көрермен көз тігеді. Осынау дүбірлі доданың ашылу салтанаты биылғы жылы пайдалануға берілген озық үлгідегі спорттық нысан – 12 мың орынды «Алматы Арена» мұз сарайында өтті. Халқымыздың сан ғасырлық тарихынан тамыр тартып, шежірелі өмірінен сыр шертетін салтанатты шараны тамашалауға келген көрерменнің жүрегін қуаныш кернегені сезіледі.
Сән-салтанаты, мән-мазмұны үйлескен мерекелік шара «Ұлы дала елі» қойылымымен бастау алды. Онда сан ғасырлық тарихы бар ұлттық құндылықтарымыз, жәдігерлеріміз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз айшықты көрініс тапты.
Түрлі кезеңдерде қазіргі заманғы Алматының аумағын мекендеген өркениеттер мен халықтардың ауыз әдебиеті мен мәдениетіне арналған қойылымның тарихқа арналған бөлігін модульдік декорацияларды қолдана отырып шығармашылық ұжымның ойнауы өте сәтті шықты. Қандастарымыздың достық, ауызбірлік, толеранттылық пен бейбітшілік сүйгіштік секілді қайталанбас қасиеттеріне ерекше назар аударылған. Ашылу салтанатында қолданылған жарық, дыбыс, би және пиротехникалық заттар бір-бірімен үйлесім тауып, Алматы қаласы мен Қазақстанның мәдени-тарихи ерекшеліктерін айшықтай түсті.
Еліміздің көк Туы көтеріліп, балалар хоры Гимнді орындағаннан кейін шара қысқы Универсиадаға қатысатын 57 мемлекет спортшыларының салтанатты шеруіне ұласты. Осы орайда ортаға ең соңғы болып шыққан Қазақстанның құрамасына жанкүйерлер тік тұрып, зор қошемет көрсетті. Ел намысын қорғайтын спортшылардың қатарында Денис Тен, Юлия Галышева, Нұрберген Жұмағазиев, Жанбота Алдабергенова, Балкин Станислав, Абзал Әжіғалиев, Айдар Бекжанов сынды танымал спортшыларымыз топ бастады.
Әлем көз тіккен Универсиаданың ашылу салтанаты бұдан әрі таңғажайып шоу-бағдарламаға жалғасты. Театрландырылған қойылымды жандандырған өнерпаздардың шеберліктері көрерменді тәнті етті. Үлкен экраннан көрсетілген тарихи жәдігерлер жайындағы бейнекөрініс те ұлттық құндылықтарымызды тереңдете танытты. Әсіресе «Бүркіт биі», «Алтын адам» көріністері көрермен көңілін бір сергітіп тастады.
Көрермен көзайымына айналған келесі қойылым кемелденген Астананың дамуы мен жасыл энергия, таза экологияны арқау етті. Осы тұста британдық мүгедек қыз Виктория Мадеста мен Табылды Досжанның орындауындағы аргентиналық биге зор қошеметпен қол соқты. Балалар орындауындағы «Жарық күн» әні бейбітшілік пен достыққа үндесе, Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың ұлттық билеріне қазақтың «Қамажайымен» нүкте қойылды.
Салтанатты қойылымның үшінші бөлімі мұз айдынындағы шоуға жалғасты. Онда Универсиаданың символы – «Сұңқар» қойылымның басты кейіпкеріне айналды. Сахнаға шығып, шырқата ән салған Зарина Алтынбаева мен Димаш Құдайбергенге жиналғандар ерекше ықылас танытты. Сондай-ақ, эстрада жұлдыздары Әйгерім Қалаубаева, Алмас Кішкенбаев, Қайрат Нұртас және Кәмшат Жолдыбаева Универсиадаға арналған әнді тамылжыта шырқап, көрермен рухын көтерді.
Мазмұнға бай шоу-бағдарлама соңынан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау сөз сөйледі.
– Бүгін Ұлы Дала елінде спорттың ұлы мерекесі. Санаулы сәттерден соң ақбас Алатаудың баурайында Универсиада Алауы жағылады. Жастар жарысына 57 елден 2200-ден астам спортшы, мыңдаған спорт мамандары мен жанкүйерлер жиналды. Спорт – бейбітшілік пен татулықтың, ынтымақтастық пен тілектестіктің символы. Дүбірлі додаға жиналған баршаңыз қонақжай Қазақстан жеріне қош келдіңіздер! Жер жаһан көз тіккен бұл Универсиада нағыз жастық жігердің аламаны, жарқын жеңістердің бастауы, болашақ Олимпиада чемпиондарының мектебі. Қысқы Универсиада Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аумағында тұңғыш рет біздің елімізде, Қазақстанда ғана өткізіліп отыр. Бұл деген біз үшін үлкен мәртебе, – деді Елбасы. – Универсиада қарсаңында Алматыда бірнеше жаңа стадион мен атлеттер ауылы салынды. Мұның барлығы отандық спорттың инфрақұрылымына салынған орасан инвестиция. Жастарымызды шынықтырып, болашақта чемпион болуына жасалған қамқорлық боп саналады. Меймандарымыз байрақты бәйге кезінде еліміздің қонақжайлығына көңілі толып, таңғажайып табиғатына көз қанықтырады деп сенемін. Баршаларыңызға тағы да Қазақстанға қош келдіңіздер деймін!
– Келесі сөз кезегінде Халықаралық студенттік спорт федерациясының президенті Олег Матыцин қазақстандықтарға зор алғысын білдірсе, Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бахтың бейнеқұттықтауы көп назарына ұсынылды. Шара соңында 28-Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың жалауы көтеріліп, Халықаралық студенттік спорт федерациясының гимні ойнады.
Қазақстан құрамасы атынан Ант беру құрметі Айза Мамбекова мен Асқар Валиевке тиді. Сахнаға Алау ұстаған 16 спортшы шығып, қысқы Универсиаданың Алауын жақты. Әр өңірден келген он алты алаугердің ішінде Жетісу жерінің алауын бокстан әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы жақты. Осыдан соң Елбасы Универсиада ойындарын ашық деп жариялады.
28-қысқы Универсиада ойындарында спорттың 12 түрінен 175 спортшы ел намысын қорғайтын болады. Барлығы 85 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ.
Айта кету керек, бұл қысқы Универсиада тарихындағы рекордтық көрсеткіш саналады.
XХVІІІ Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың тарихына тоқталар болсақ, ол 1923 жылғы мамырда Парижде өткен тұңғыш Бүкіләлемдік студенттер ойындарынан бастау алады. Бұл студенттік ойындарды француз педагогы және ғалым Жан Петитжан ұйымдастырған екен. Содан бастау алып, 1949 жылы құрылған Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) мұрындық болуымен жалғасын тауып келе жатқан қысқы Универсиада ойындарының ТМД елдері арасында тұңғыш рет Қазақстанда өткізілуі тәуелсіз еліміз үшін зор мақтаныш саналады. Себебі, бұл әлемдегі ең ауқымды спорттық шаралардың бірі және тәуелсіз ел тарихындағы ең ірі спорттық жоба болып табылады.
Байрақты бәсекеде бақ сынасатын спортшыларымызға жарқын ЖЕҢІС тілейміз!
Ұлбосын Исабек
Алматы қаласы.





