«Jetіsý jastary» КММ-нің ұйымдастыруымен Қазақстан жастары арасында классикалық бал мәдениетін қалыптастыру, Талдықорған қаласының шығармашылық білім беру мекемелерінің имиджін көтеру, жастар шығармашылығын дамыта отырып көпшілікті классикалық мәдениет – опера, балет, классикалық билермен таныстыру мақсатында «Көктем балы» өтті.
4 ай бойы балетмейстер Денис Московскихтің жетекшілігімен би және этика негізінде дайындалған 35 жұптан тұратын дебютанттар кешті полонез биімен ашты. Жалпы балға бүгінге дейін 300-ге жуық дебютант қатысып, вальс, кадриль, танго сынды түрлі билерді үйреніп, этикет ережелерімен және балдың тарихымен танысты.
Атаулы шара жастардың сұранысымен биыл 6-шы рет ұйымдастырылды.«Көктем балы» қатысушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытумен қатар үлкен сахнада әлеуетін көтеруге қолдау болмақ.
Аталмыш шараға облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев пен облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева қатысып, ізгі тілектерін білдірді.
Арнаулы кеш қонағы ретінде Қазақстанда ең әйгілі Band-тардың ішіне кіретін Royals Band тобы, сиқыршы-иллюзионист және цирк әртістері өз өнерлерін паш етті.
Дәстүр бойынша кеш соңында «Көктем балы» ханзадасы мен ханшайымы тағайындалды. Ханзада мен ханшайым лауазымын Әлібек Ахметханов пен Аружан Есімжанова иеленді. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» номинациясы Әли Рахымбай мен Дана Жұмабекке бұйырды. Ал Манат Кәкімсейітов пен Айғаным Сағымбай «Төлеген – Қыз Жібек» аталымы бойынша алға шықты.
Сондай-ақ, кеш соңында «Көктем балы» ханзадасы мен ханшайымына «Алакөл» демалыс орталығына 3 күнге жолдама табысталды.
Айғаным АЙТМҰХАН