Санаулы уақыттан кейін жер-жерде күміс қоңырау соғылып, оқушылық кезеңнің тағы бір жылына аяқ басқан өрендер мен мектеп табалдырығын жаңа аттайтын бал тілді балдырғандар білім бастауына бас қоймақ. Сол күні қазіргі таңда құрылыс жұмысы жанданып, бітуге таяу тұрған бірқатар жаңа мектеп ел игілігіне берілмек. Осыған орай Талдықорған іргесіндегі Ынтымақ елді мекенінде салынып жатқан 1200 орынды мектепке барып, жұмыс барысымен танысып қайттық.
Ынтымақ ауылындағы заман талабына сай бой көтерген мектептің көркі қазірдің өзінде көңілге қуаныш орнататындай. Еңселі, зәулім. Сыртқы жұмыстарының 90 пайызы біткен. Абаттандыру, әрлеу секілді ұсақ-түйек шаруа ғана қалыпты.
Мердігері «Гуни Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болған алтын ұяның жұмысы өткен жылдың мамыр айында басталған. 2 миллиард теңгеге жуық қаржыға бой көтеріп жатқан нысан алдағы қоңыр күзде, нақтырақ айтсақ, қазан айында ауыл жұртшылығына есігін айқармақ.
– Жұмыс жанданған шақ. Уақытынан, жоспардан кешеуілдеп жатқан жоқпыз. Қара күзде ел игілігіне берілетін нысанның ішкі-сыртқы жұмыстары ғана қалды деп айта аламыз, – деген құрылыс шебері Ерболат Сәрсенбаев өз кезегінде құрылыс нысанымен таныстырды.
Аумағы 4,4 гектарды алып жатқан, 6440,05 шаршы метрлік нысанның өзі 6 блокқа бөлінген. 3 қабатты. Әр блогында арнайы сыныптар, үйірмелерге арналған бөлмелер мен дәретхана сынды әлеуметтік орындар бар. «Әрлеу жұмысы ғана қалған» десе де іші-сырты адамға ерекше көңіл сыйлайтын, балалықты аңсаттыратын зәулім нысанда қазіргі таңда 150-ге жуық құрылысшы жұмыс істеуде. Оның 20 шақтысы нәзік жандылар екен. Олар әрлеу, сылау жұмыстарына алынған. Мердігер серіктестіктің жауапты мамандары мен шеберлері, құрылыс басшылары демесе, қалған жұмысшылардың бәрі жергілікті жерден тартылыпты.
– Жалпы, 1200 орынды мектептің құрылыс жұмысы 70 пайызға бітті. Қалғаны әрлеу, қабырға, еден кафельдерін төсеу секілді шаруалар. Одан бөлек, нысан сыртындағы ұсақ-түйек жұмыстар бар. Белгіленген мерзімде толығымен аяқтап, тапсыратынымыз анық, – дейді жауапты мамандар.
Рас, негізгі жұмыстары біткен, құрылысшылардың өз шаруасына ыждағаттылықпен кіріскені көзге бірден байқалады. Аталмыш мектепте заманға сай барлық мүмкіндік қарастырылған. Қазірдің өзінде нысан сыртындағы футбол алаңының төсеніштері толығымен төселген. Одан бөлек, 390 орынды акт залы, асхана, арнайы сыныптар, би және гимнастикалық залдардың кішігірім жұмысы ғана қалған.
АРДА БИ





