Jetisu Digital ұйымдастырған бағдарламаға 12 стартап-команда, жалпы 20-30 жас маман қатысты. Екі ай ішінде қатысушылар арнайы оқыту сессияларынан өтіп, жүйелі түрде трекинг-кездесулерге барып, тәжірибелі менторлардан кеңес алды.
Инкубациялық кезеңнің басты жетістіктері жобалардың алғашқы прототиптерін әзірлеу және питчинг форматындағы таныстырылымдарын кәсіби деңгейге жеткізу. Командалар алғашқы демеушілік қаражатты тартуға да мүмкіндік алып отыр.
Бұл шара жас кәсіпкерлер үшін маңызды сынақ алаңы болды. Командалар өз ІТ жобасын қысқа әрі мазмұнды түрде таныстырып, оның нарыққа дайындығын, коммерциялық әлеуетін көрсетті.
Сараптамалық талдау сегменті аясында нарықтың жетекші мамандары стартаптарға даму стратегиясы, масштабтау мүмкіндігі және қаржылық жоспарлау бойынша кәсіби пікірлерін білдірді. Бұл кері байланыс командалардың жобаларын нақтылай түсуіне жол ашты.
Жиын соңында барлық командаға инкубациялық бағдарламаны сәтті аяқтағаны үшін сертификаттар салтанатты түрде табысталды.
Айта кетейік, Startup Orda бағдарламасы Талдықорғандағы инновациялық экожүйенің дамуына серпін беріп, жаңа ІТ жобаларға жол ашады. Енді аталған стартаптар Astana Hub алаңында өз даму жолын жалғастырып, республикалық деңгейдегі технологиялық экожүйеге қосылмақ. Бұл өңірлік таланттарды қолдаудың, жаңа идеяларды нақты нәтижеге жеткізудің жарқын көрінісі.
Маржан МҮЛКІБАЕВА
Jetisu Digital менеджері





