Орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының кәсіпқой бокстағы жалпы табысы жарияланды. SurpriseSports дереккөздеріне сүйенсек, 32 жастағы боксшымыз осы уақытқа дейін шамамен 1,5 млн доллар (шамамен 771 млн теңге) пайда тапқан, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
Чемпиондардың әмиянында не бар?
Жәнібектің бұл көрсеткіші орта салмақтағы өзге чемпиондардың табысымен деңгейлес. Мәселен:
-
Карлос Адамес (WBC): 1,5 млн доллар;
-
Эрисланди Лара (WBA): 2 млн доллар;
-
Хамза Шираз: 1,2 млн доллар.
Бұл сандар Әлімханұлының әлемдік бокстағы қаржылық салмағының артып келе жатқанын көрсетеді.
Сәтсіз аяқталған жекпе-жек пен допинг дауы
Жәнібек Әлімханұлы үшін 2025 жылдың соңы үлкен сынақпен аяқталды. Ол 7 желтоқсанда кубалық Эрисланди Ларамен үш бірдей белбеу (WBO, IBF, WBA) сарапқа салынатын тарихи кездесу өткізуі тиіс еді. Алайда жекпе-жекке бірнеше күн қалғанда боксшының қанынан тыйым салынған мельдоний заты табылғаны туралы ақпарат тарап, айқас тоқтатылды.
«Мен әрдайым таза спортты қолдаймын. Бұл жаңалық мені таңғалдырды. Алғашқы сынақ таза шыққан болатын, екінші сынақта не болғанын түсінбеймін», – деп мәлімдеді боксшы өз сөзінде.
Сарапшылардың айтуынша, егер бұл жекпе-жек өткенде, Жәнібектің гонорары 350-500 мың доллар аралығында болар еді.
Болашақ не болмақ?
Қазіргі таңда боксшыға қатысты ішкі тергеу жүріп жатыр. Оның «B» сынамасын ашу 2026 жылдың 8 қаңтарына жоспарланған. Егер допинг қолданғаны ресми расталса, Жәнібек чемпиондық белбеулерінен айырылып, спорттан шеттетілуі мүмкін. Осыған байланысты танымал The Ring басылымы оны өз рейтингінен шығарып тастады.
Дегенмен боксшының командасы Жәнібектің кінәсіз екеніне сенімді және жанкүйерлерін сабырға шақыруда.





